Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған элиталық тұрғын үй сүріледі
Сот шешімі заңды күшіне еніп, Әділет департаменті жүзеге асырып жатыр
Салынып жатқан Pinе Hill тұрғын үй кешенінің үшінші қабаты сот шешімімен бұзылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Ерменсай шағынауданы 7 уч. 8/1 салынып жатқан нысанды тексеру кезінде құрылыс салушы үшінші тұрғын үй қабатын заңсыз салып жатқаны анықталды. Рұқсат тек 2 қабатқа берілген», - деп мәлімдеді Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы.
Өткен жылдың қараша айында басқарма сотқа үйді бұзу туралы шағым түсіріп, ол қанағаттандырылмады. Апелляциялық өтініш оң нәтиже берді. Үшінші қабатты бұзу туралы сот шешімі заңды күшіне еніп, Әділет департаменті орындап жатыр.
Айта кетейік, Pinе Hill тұрғын үй кешеніндегі бизнес-санатты пәтердің бір шаршы метрі жылжымайтын мүліктерді жарнамалайтын сайттарда 1 миллион теңгеден саудаланып жатыр.