«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау жалғасып жатыр
Биыл магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия бөлінді
Қазақстанда магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша жетекші шетелдік ЖОО-ларға түсу үшін құжаттар қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Өтінімдер 2022 жылғы 14 қазнға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау осы жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады.
«Болашақ» Халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған және онлайн режимінде өтеді. Ол кешенді тестілеу, Тәуелсіз сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау деген үш кезеңнен тұрады.
«Үміткерлер конкурстық іріктеуге қатысу үшін 2 негізгі құжатты ғана - «Болашақ» бойынша оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындар тізіміндегі шетелдік университеттен шақыру, сондай-ақ нәтижесі B1 деңгейінен кем емес мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынуы керек», - делінген орталық хабарламасында.
Конкурстық іріктеуге кез кезлген қазақстандық қатыса алады, жас шектеулері жоқ. Өтінім тапсырған кезде академиялық білім алу және кейінгі еңбекпен өтеу мерзімі зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.
Биыл магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламалары бойынша 60 стипендия бөлінді.