$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Өрлеу» жобасын іске қосады

Статистикаға сүйенсек, Алматы қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 701 мың

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Өрлеу» жобасын іске қосады

«AMANAT» партиясы оқуға ілікпей, не тұрақты жұмысқа тұра алмай жүрген жастарды қолдау мақсатында «Өрлеу» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл бастаманың ерекшелігі – жастар кез-келген салаға қатысты білімін жетілдіріп, әрі қарай жұмысқа орналасып кете алады. Қазіргі уақытта жастарға тәжірибесімен бөлісіп, білім беретін менторлар мектебі құрылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«NEET, яғни оқу және жұмыспен қамту процесінен тыс қалған жастар категориясына енгендердің әртүрлі сала бойынша қолжетімді ақпарат алуы біз үшін өзекті. Статистикаға сүйенсек, Алматы қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 701 мың. Жоғары оқу орнының студенттері  182 мың  542 болса, колледжде білім алатын жастар саны – 69 мың. Ал NEET (Оқу және жұмыспен қамту процесінен тыс қалған жастар) категориясындағы жастардың саны 28 мың 700-ге жеткен. Бұл тек ресми деректер. Статистикаға түрлі себептермен енбей қалған жастар қаншама?!.. Сондықтан қоғамнан тыс қалған жастарды әлеуметтік бейімдеу – біздің қазіргі ең бірінші мақсатымыз», - дейді «Жастар Рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов.

«Өрлеу» жобасын сәтті жүзеге асыру үшін қазіргі уақытта менторлар тобы жасақталып жатыр. Яғни бар білгенімен бөлісуге дайын тұрған мамандардың арнайы тобы болады.

«Бұл жоба ешқандай қаржыны талап етпейді. Жастарға білім бере аламын, бөлісетін ақпараттарым бар дейтін азаматтар болса менторлардың тобына қосылса болады. Ол үшін «Жастар Рухы» Жастар қанатының әр өңірдегі филиалдарына хабарласуға болады, есігіміз әрдайым ашық. Немесе Instagram желісіндегі jastar_ruhy_almaty парақшамызға жазсаңыздар болады. Қазіргі таңда ең мықты деген әр саланың үздіктерінен менторларды іріктеу үстіндеміз», - дейді ол.

Қазірдің өзінде 1 мың білікті ментордан тұратын пул жасақталған. Менторлар «AMANAT» партиясының белсенділерінен, жас депутаттар корпусынан, медиа саласынан, қоғам белсенділерінен, кәсіпқой жаттықтырушылардан, мәдениет саласы мен спортшылардан құрылған.

«Жалпы бұл жоба аясында жас ерекшіліктеріне қарай қатысушылар үш түрлі топқа бөлінеді. 14-17 жас, 18-24 жас, 25-29 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Жоспар бойынша менторлар іріктеліп болған соң қажетті мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру үшін менторлар мектебін арнайы оқытамыз және дайындаймыз. Бұл тамыз айының соңына дейінгі уақытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ арнайы Telegram бот жасалып жатыр. Яғни жоспар бойынша Telegram бот арқылы еліміздің кез келген түкпіріндегі жас тіркеліп, өзі қалаған сала мен менторды таңдап, қажетті ақпарат пен білім ала алатын болады. Яғни бұл жобаның тағы бір маңыздылығы – әр жас үшін ақпараттарды оңай әрі қол жетімді ету», - деді «Жастар Рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов.

Жоба 3 түрлі бағытта дамитын болады. Біріншісі – менторлар мектебін құру.

Екінші бағыт – LOCAL COMMYNITY деп аталады. Яғни жас лидерлер мектебін қалыптастыру. Бұл кезеңде әр аймақтан (оңтүстік, солтүстік, батыс, орталық, шығыс) менторлардың мектебінен өткен, ауылдан шыққан үздік 400 жас анықталады. Әр аймақта «Жастар мәселесі жастар көзімен» атты кейс чемпионаттар өткізіледі. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы өзекті сұрақтарды алаңдарда көтеруге мүмкіндік береді екен. Сонымен қатар бұл жастар өз аймағының мәселелерін көтеруге мүмкіндік алу үшін дебат турнирлерінде жолдама ала алады. Оған қоса, «AMANAT Cup» республикалық дебат турниріне қатысады. Жалпы бұл бағытта 20 мың жасты қамту жоспарда бар екен.

Үшінші бағыт – ауыл жастары мен жұмыссыз жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Бұл бағыт аясында «қасиетті домбыра» жобасы, әр өңірде «Jaidarman» ойындарын дамыту секілді шаралар қолға алынбақ. Сондай-ақ жастарға қазіргі сұранысқа ие маркетинг саласы бойынша білім берілетін болады. Бұл айтып өткен бағыттар жоспарға енгізілген. Ал нәтижесі 2023 жылдың мамыр-маусым айларында белгілі болмақ.

Жалпы бұл жобаға қатысқысы келетін жастарға, «Жастар Рухы» жастар қанаты  jastar_ruhy_almaty Instagram парақшасын ұдайы бақылап отыруға кеңес береді. Себебі күз айларында бұл жобаның алғашқы қадамдары жасалынады.

Серіктес жаңалықтары