«Самара-Шымкент» тасжолында екі көлік соқтығысып, бес адам қаза болды
Қаза болғандардың екеуі – бала
«Самара-Шымкент» тасжолында екі көлік соқтығысып, бес адам оқиға орнында тіл тартпай кетті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2022 жылдың 26 шілдесінде 02 сағат 42 минутта Жалағаш ауданы, Таң ауылы «Самара-Шымкент» автожолының 1713 шақырымында екі жеңіл автокөліктің соқтығысуынан жол-көлік оқиғасы болды.
«1995 жылғы азаматтың басқаруындағы «Toyota CAMRY» жеңіл автокөлігі және 1980 жылғы азаматтың басқаруындағы «Daewoo-NEXIA» жеңіл автокөлігінің соқтығысуынан екі жүргізуші және «Daewoo-NEXIA» жеңіл автокөлігіндегі жолаушылар оқиға орнында қаза тапты.
Олар: Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының тұрғындары 1980 жылғы Қ.Ғ., 1980 жылғы Л.Н., 2016 және 2012 жылы туған балалар. Барлығы 5 адам қаза болды, оның ішінде 2-еуі – бала», - делінген өңірлік ТЖД таратқан хабарламада.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 1 техника мен 6 қызметкер, «Жосалы» күре жол медициналық бекетінен 1 техника мен 4 қызметкер, жедел жәрдем бригадасынан 2 техника мен 6 қызметкер, аудандық полиция бөлімінен 6 автокөлік пен 15 қызметкер шығып, тиісті жұмыстарды атқарды.
«Автокөлік иелері мен жүргізушілер, жол жүру ережесін қатаң сақтауды, жолда қауіпсіздік қағидаларын естен шығармауды сұраймыз. Аса қажеттілігі болмаған жағдайда түнгі мезгілде алыс жолға шықпауды өтінеміз», - делінген хабарламада.