$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Билет тапшылығы, саяхаттау, сұраныстағы бағыттар: теміржолшы Гүлсім Ахметжанмен сұхбат

Ол билетті қайтару жолдарын да түсіндіріп берді

Билет тапшылығы, саяхаттау, сұраныстағы бағыттар: теміржолшы Гүлсім Ахметжанмен сұхбат

Теміржолда 37 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі билет кассирі – Гүлсім Ахметжан теміржолдағы қызмет бір келген жанды одан әрі тартып әкететін сиқырға ие деп санайды. Қарағанды станциясында билет кассирі болып қызметін ететін маманмен шағын сұхбат құрдық.

– Гүлсім ханым, темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласына қашан және қалай келдіңіз?

– Өзім тоғыз жолдың торабы Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Мектептен соң Шымкентте гидромелиоративті құрылыс техникумын бітірдім, бірақ ол мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын. Жарық бекетінің бастығы мені теміржолға баулыды. Теміржолдағы еңбек жолымды 1985 жылы осы бекетте оператор болып бастадым. Ал билет кассирі ретінде жұмысымды 1990 жылдан осы Жарық станциясында бастадым. Ал Қарағанды станциясында 2000 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Теміржол саласына қалай бауыр басып қалғанымды білмеймін. Қазіргі таңда алдыма келген жолаушының психологиясын, көңіл-күйін жақсы аңғарып, дөп басатын деңгейге жеттім.

– Күніне қанша адам келеді? Жолаушының тілін қалай табасыздар?

– Жазғы маусымға байланысты билет алуға күніне көп дегенде 200-ден астам адам келеді. Алдыма келген жолаушының көңіл-күйі болмаса да тілін табуға тырысамыз. Мұның бәрі – талай жылдан бері жиып-терген тәжірибенің арқасы.

– Жыл сайын болатын билет тапшылығының мәселесі әлі де бар. Осы тұрғыда жолаушыларға қандай кеңес бересіз?

– Қазіргі таңда, электронды билет сату жүйесі жақсы деңгейде дамыған. Жыл сайын билет сатып алудың жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Билет кассаларынан бөлек ұлттық тасымалдаушының bilet.railways.kz сайты да қарқынды түрде даму үстінде. Солардың бірі – «Күту парағы» қызметі жолаушылар арасында кеңінен танымал. Билет жоқ болған жағдайда кассаға келген жолаушыларға осы қызметті қолдану жөнінде кеңес береміз. Бұл тұрғыда жолаушы bilet.railways.kz сайты арқылы немесе біздің кассаларға келіп, пойыздың жүруіне 7 күн қалғанда босап жатқан орындарға кезекке тұруына болады. Сондай-ақ жолаушы діттеген жеріне жетуі үшін біз келісілген бағыттар бойынша қатынайтын пойыздардың тізбегін ұсынамыз.

Бұған қоса жолаушыларға арналған жеңілдіктер де қарастырылған. Мүгедектер үшін 50 пайыз жеңілдік бар. «Мейірім» картасын билет кассасында тегін ашып береміз. Сол картамен келіп, кезексіз алуға болады. Билетті сатып алу мен қайтару ережелері жыл сайын артып келеді. Жолсеріктердің қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді, оған өзім дән ризамын.

– Жолаушылар көбіне пойызбен қай бағытта саяхаттағанды ұнатады?

– Негізінде жазғы маусымда жолаушылар көбіне ыстық аймақтарға барып демалғанды жақсы көреді. Кең байтақ елімізде демалыс орындары барлық өңірде болғанымен, оңтүстікке саяхаттап баратын жолаушылардың саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен Алматы мен Шымкент қалаларына, Жамбыл мен Қызылорда облыстарына қатынайтын жолаушылардың ағыны көп. Сонымен қатар, мемлекетаралық пойыздардың қозғалысы қайта қалпына келгеннен кейін  көршілес елдерге жүретін пойыздарға сұраныс артып жатыр.

– Теміржолшы болу оңай ма? Билет кассирі болу үшін қандай қабілет керек?

– Менің ойымша, пойызбен саяхаттау алдымен билет кассасынан басталады. Себебі билет кассиріне жүктелетін міндеттердің бірі – жолаушының сұранысындағы бағыттың ең арзан, ең жылдам және ең жайлы пойызын тауып беру. Бұл мамандық негізінен стресске төзімділікті, шеберлікті, тез қызмет көрсету мен нақтылықты талап етеді.

Тағы бір міндеттің бірі – жауапкершілік. Сол сияқты күніне бірнеше жолаушымен жұмыс істеу, құжатнамаларда көрсетілген ақпаратты билетке қатесіз енгізіп, жылдам қызмет көрсетуі қажет. Оның үстіне қағаз ақшаларын қабылдап, артылған ақшаны қайтарар кезде қателік жібермеуі тиіс. Әрбір тиынның артында сұрауы бар.

Жолаушылардың алған билетін қайтаратын сәттері де аз емес. Мәселен «Күту парағы» арқылы алынған билетті тек касса арқылы ғана қайтаруға болады. Ал онлайн немесе дәл сол билет кассасына барып сатып алған билетті қайтарсаңыз бұл тұрғыда мынадай ережелерді білуіңіз қажет:

  • Бастапқы станциядан пойыздың жүруіне 24 сағат бұрын қайтарсаңыз билет құны 100 пайыз қайтарылады;
  • Бастапқы станциядан пойыздың жүруіне 24 сағат өтіп кетсе, алайда 6 сағат қалғанда қайтарсаңыз билет құны және плацкарт құнының 50% төленеді;
  • Бастапқы станциядан пойыздың жөнелтілуіне 6 сағаттан аз уақыт қалғанда және пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағаттан аспай қайтарылса, билет құны төленіп, плацкарттың барлық құны ұстап қалынады, бірақ ол жол жүру құнының 30%-нан аспауы тиіс.
  • Бастапқы станциядан пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағат өткен соң жол жүру құжаттары (билеттер) да, ақша қаражаты да қайтарылмайды.

Билеттің ақшасы билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы қайтарылады. Билетті қайтаратын кезде оның ережелерімен билет кассирі хабардар болу міндетті. Осы ережелерді біз жолаушыларға да билетті қайтаратын кезде түсіндіріп отырамыз.

– Теміржолда тер төгіп, қызмет етумен қатар жеке өміріңізді қалай қатар алып жүрсіз? Ізіңізді жалғайтын балаларыңыз бар ма?

– Әрбір салада қызмет етіп жүрген ата-ананың ізін жалғайтын баласы болады. Теміржол қызметінде жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Мамандығымды мақтан тұтып жұмыс істегендіктен болар, үш қызымның бірі ізімді жалғастырып жүр. Динара есімді қызым «Тальго» жолаушылар пойызында жолсерік болып қызмет етеді. Жолсерік болып қызмет ету оңай емес. Себебі жолаушылармен ортақ тіл табу – қиынның қиыны. Күніне қаншама жолаушы пойызға кіріп-шығып жатады. Жолаушылардың саны неғұрлым көп болса, жолсерікке деген жауапкершілік соғұрлым артады.

Жалпы билет кассирі болып қызмет ету – өте қызықты. Күніне неше түрлі адамды көресің. Осы тұрғыда адамның психологиясын зерттеп алуға болады.  Десек те, ең алдымен жолаушылардың сұранысын барынша ақтап шығу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Билет кассирі болып жұмыс істеу оңай емес», – деп қорытындылады біздің спикер.

Серіктес жаңалықтары