$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысында жаңа асфальт жамылғысы ыдырап жатыр

«Ақтөбе - Болгарка - Шұбарқұдық» бағытындағы жолға ағымдағы жөндеу жүргізуге бюджеттен 200 млн теңге бөлініпті

Ақтөбе облысында жаңа асфальт жамылғысы ыдырап жатыр
фото: 24.kz

Ақтөбе облысында жаңа асфальт жамылғысы, жүк және жеңіл машиналардың салмағына шыдас бермей, ыдырап жатыр. «Ақтөбе - Болгарка - Шұбарқұдық» бағытындағы жолды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Бірақ жұмыс сапасы көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпай отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұзақ Едігеев «Ақтөбе - Болгарка - Шұбарқұдық» жолының жағдайын жақсы біледі. Облыс орталығы мен Байғанин ауданы арасында күн сайын жолаушылар тасымалдайтын ол осы жолдың сай-саласын жаттап алған. Бір ай бұрын жөндеу басталып, шұрық-тесігі жамалғанда қатты қуанған еді.

«Бұрын жақсы еді, қазір құртылды. Жасауын жасап жатыр. Міне, биыл жасаған жер. Кеше ғана құртып кетті», - дейді Байғанин ауданының тұрғыны Ұзақ Едігеев.

Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 174 шақырым. Облыс орталығынан бастап алты ауылдың үстімен өтіп, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» республикалық маңыздағы дәлізге қосылады. Бірақ соңғы жылдары көбейген көлік ағынына шыдас бермей, әр жерден тесік пайда болған. Салдарынан қазір жыл сайын күтіп ұстауға бөлінетін 110 млн теңге көлеміндегі қаржы жолдың жағдайын қалыпты сақтауға жеткіліксіздігін көрсеткен. Сондықтан биыл қосымша тағы 200 млн қарастырылып, ағымдағы жөндеу жүргізу қолға алынған. Алайда төселген асфальт жамылғысы кей жерлерде бір апта өтпей, қайта ыдырай бастапты.

Жауапты басқарма өкілдері жолды жөндеу өзекті мәселеге айнала бастағанын мойындап отыр. Айтуларынша, бұған негізінен екі жағдай себеп болды. Алғашқысы, Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы жолдың жаңартылып жатқанына байланысты ауыр жүк көліктері де осы дәлізбен өтетін болды. Ал екіншіден – көктемгі су тасқыны. Қырдан келген топан су облыстық маңыздағы жолдың 10 учаскесін шайып кеткен. Нәтижесінде тексеру кезінде 29 мың шаршы метр жерде жөндеу жүргізу жоспарланған.

«Қазіргі таңда 13 мың шаршы метр жол жөнделді. Соның біз 6 мың шаршы метрін қабылдадық. Себебі қалған жөндеу учаскесінде ақаулар пайда болып, анықталып жатыр. Оның барлығы мердігер мекеменің кепілдік мерзімі аясында қайтадан қалпына келтірілетін болады», - деді  облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиев.

Ал мердігер компания басшысының өз айтары бар. Жолды сапалы жөндеу үшін жобада көрсетілгендей, 10 см қиыршық тас, 5 см асфальт төсеу жеткіліксіз. Сол себепті жасалған учаскелер көп ұзамай-ақ қайта бұзыла бастайды.

«Жолдың асты балшыққа бөгіп тұр. Сондықтан оның астын дұрыстамай, бетін дұрыстауға келмейді. Тек «ямочный ремонт» деп конкурста солай аталды. Сосын техбақылау да қаралмаған. Сондықтан қазір енді мойныма алған аманат болғаннан кейін мен оған қиянат жасай алмаймын. Жасап, абыроймен шығуға ниеттеніп отырмын», - деді мердігер компанияның басшысы Сүлеймен Ахметбек.

Қалай болғанда да биыл жоспарланған жұмыс толық аяқталмақ. Бірақ жауапты мекеме өкілдері де, жолшылар да бұнымен мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан келер жылы осы бағытты толық жаңарту үшін сметалық құжат әзірленбек. Ал өңір бойынша биыл 643 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#жол сапасы