Нұр-Сұлтан бас санитария дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Елорда эпидемиологиялық жағдайға байланысты «сары» аймаққа өтті

Нұр-Сұлтан қаласының санитария дәрігері Сархат Бейсенова қаланың "сары" аймаққа көшуіне байланысты шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалада адамдар көп жиналатын орындарға, ұйымдасқан ұжымдарға барғанда, сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде бетперде кию (5 жасқа дейінгі балаларды және тамақтану кезін қоспағанда) және қатысушылар саны 10 адамнан асатын кеңестерді қашықтықтан өткізу түріне көшіру ұсынылды.
"Қоғамдық орындарда бетперде тағу жөніндегі ұсынымдарды сақтау және қолды өңдеуге антисептиктерді қолдану және жүкті әйелдерді, COVID-19 вакцинациясына абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді және COVID-19 науқаспен байланыста болған адамдарды (дистанциялық форматта міндеттерін орындау мүмкін емес қызметкерлерді қоспағанда) қашықтықтан жұмыс істеу форматына көшіру", - делінген қаулыда.
Сонымен қатар тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияға қарсы уақтылы вакцинация және ревакцинация бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және білім беру ұйымдарында топтар мен сыныптарды біріктіріп іс-шаралар өткізуді болдырмау ұсынылды.
Қаулының толық мәтіні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған.
Қаулы 23 шілдеде күшіне енеді.