Абай және Жетісу облыстарының Полиция департаменті басшылары тағайындалды
ПД басшылары ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен тағайындалды

Абай облыстық Полиция департаментінің бастығы болып Бектөре Сұлтан және Жетісу облыстық Полиция департаментінің бастығы қызметіне Атығай Арыстанов тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен облыстық Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтан Жеңісбайұлы тағайындалды. Жеке құрамға Полиция департаментінің жаңа бастығын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов таныстырды.
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Жетісу облыстық полиция департаментінің бастығы қызметіне полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов тағайындалды. Жаңа бастықты жеке құрамға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев таныстырды.
Бектөре Сұлтан 1974 жылы 2 наурызда Шымкент облысы Түлкібас ауданы Ванновка ауылында дүниеге келген. 1995 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебін, 2003 жылы ҚР ІІМ Академиясын бітірген. Білімі заңгер, ішкі істер органдарының басқару саласының магистрі.
Құқық қорғау органдарында 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істейді, қызметтік міндеттерін Оңтүстік Қазақстан облысы ІІБ тергеушісі қызметінен бастады. Қызмет еткен жылдары түрлі басшылық лауазымдарда, оның ішінде Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының ІІД бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылдан бастап Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов Ғазымбекұлы 1971 жылдың 19 қарашасында Қостанай облысында дүниеге келген. Білімі – құқықтану, құқық қорғау қызметінің магистрі. 1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2005 жылы – ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының магистратурасын бітірді.
Ішкі істер органдарында 1992 жылғы желтоқсаннан бастап қызмет атқарады. Еңбек жолын жедел қызметкерден бастап қызмет және жедел жұмыс басшысына дейін әр түрлі лауазымдарда атқарған.
2008-2010 жылдары – Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының бастығы. 2010-2012 жылдары – Ақмола облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы.
2012-2016 жылдары – Қостанай облысының Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары.
2016 жылы – Қазақстан Республикасы ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары.
2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы.
2019-2021 жылдары – Ақтөбе облысы ПД бастығы. 2021 жылғы 16 қазаннан бастап – Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы. ІІ дәрежелі «Айбын» ордені мемлекеттік марапатының иегері.