$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген – Президент

Климаттың өзгеруі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады

Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген – Президент

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуіне қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

«Климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етуде. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді.

Бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Ол сөзін жалғай отырып, күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес екенін, сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынды.

«Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді.

Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатымен бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. Осы орайда Қырғызстанда Қамбарата ГЭС-1 құрылысының жобасы талқылануда. Кеше біз, үш президент бұл мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және алдын ала нақты әрі пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Гидроэлектр станциясы Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттердің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырды.

«Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмысын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толыққанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыратынына сенім білдіреміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары