Ақтөбеде қатты желден бірнеше ғимараттың шатыры қирап қалды
Синоптиктер жел жылдамдығы секундына 21 метрге жеткенін хабарлады
Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданында қатты жел соғып, бірнеше әлеуметтік нысан мен үйдің шатырын ұшырып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық ТЖД мәліметінше, кезекші-диспетчерлік пультіне Шалқар қаласындағы дауыл туралы ақпарат 19 шілде күні сағат 21:50-де түскен.
«Қатты желден №2 мектеп шатырының бір бөлігі ұшып кетті. Ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ «Азамат» спорт кешенінің де шатырының 50 шаршы метрі аумағы ұшып кетті. Сондай-ақ жеке үйдің шатыры зақымдалды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Қатты желден зардап шеккендер тіркелген жоқ. Жергілікті атқарушы билік тарапынан 22 адам мен 5 техника жұмылдырылды.
Синоптиктер жел жылдамдығы секундына 21 метрге жеткенін хабарлады.