Күршім ауданында көпір құлағалы тұр
Көпірдің бір жағы тұғырынан тайып кеткен
ШҚО-ның Күршім ауылынан қалаға шығатын тұста үлкен канал арқылы өтетін көпір жарылып, апаттық жағдайда тұр. Бұл туралы Azattyq Ruhy altaynews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнежазбада көрініп тұрғандай, көпірдің бір тақтасы тұғырынан тайып, құлауға таяп қалған. Үлкен салмақтағы көліктер өткен сайын тақта алға жылжып, үстіне қарай шығып кетеді. Ауданның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын азаматтар кез келген уақытта көпірдің қақ айырылып, адамдар опат болып кетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Тіпті, ақсақалдар алқасының кеңес мүшелері, ауданның белсенді азаматтары мен жол полициясы қызметкерлері жөндеуді қажет ететін көпірдің қазіргі жағдайын көріп, аудан әкімі мен әкім аппаратына арнайы хат та жолдаған.
«Тыйым салатын және жылдамдық белгілері қойылды, абай болуларыңызды сұраймыз. Ең өкініштісі бір ай бойы қаншама лауазымы бар адамдарға ескерттік, ешкім қолға алмады. Сондықтан да бүгін өзіміз тексеріп, қауіпті жағдайын көрдік. Ендігі кезеңде коммуналдық шаруашылық шұғыл түрде уақытша көпір салуды қолға алса, ал полиция қызметкерлері үлкен тонналы жүк көліктерін өткізу бойынша жұмыстар атқарсын», - дейді белсенді азаматтар.
Десе де, аудан басшылығы олардың үнін естіп, көпірдің жағдайына қатысты бірқатар шаралар қабылдап жатқанын айтады. Қазір мұнда жол қауіпсіздігі бойынша полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуде және салмағы 15 тоннадан асатын көліктердің ол жерден өтуіне тыйым салынған.
«Көпірдің бір жағы тұғырынан тайып кеткен. Визуалды жағдайы бойынша акт жасалды. Тіпті, үлкен жүк тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер де келіп көрді. Қазір көпірдің бір жағын жаптық. Өзімізде маман жоқ, сол себепті қаладан сарапшы мамандарды арнайы шақырттық. Олар бір-екі күнде көпірдің жағдайын қарап, ары қарай жаңадан көпір салу немесе жөндеу бойынша шешім шығарады. Сол шешім негізінде әрекет етеміз. Егер жаңадан көпір салу керек болса, уақытша айналма жол жасаймыз», - деді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.