Қаңтар оқиғасы: 2 мыңнан астам қару әлі қайтарылған жоқ
Сондай-ақ 1700-ден астам қару-жарақ заңсыз айналымнан алынды
Ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қаруды іздеп тауып тәркілеу бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ІІМ өкілі бүгінде «Құқықтық тәртіп» және «Қару» жедел-профилактикалық шараларын өткізу барысында жалпы 1729 қару мен 42 мың оқ-дәрі анықталып, заңсыз айналымнан алынғанын айтты. Оның ішінде, 13 граната атқыш, 6 оқ жаудырғыш, 169 автомат, 374 тапанша, 266 травматикалық және газды қару бар.
«Өткен екі апта ішінде ғана 40-тан астам қару тәркіленді және оларды жасырын сақтайтын 125 орын (немесе схрон) жойылды. Мәселен, 4 шілдеде Алматы қаласында полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру шараларының барысында қаруды бүркемеленген сақтау орны табылып, ол жерден Макаров тапаншасы, шолақ аңшылық мылтығы, травматикалық тапанша мен 30 оқ-дәрі алынған. Сол күні Тараз қаласында Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлерімен жаңадан салынған үйлердің арасындағы алаңқайдан 4 көз жасын ағызғыш граната, Калашников автоматының 60 оғы және Макаров тапаншасының 25 оғы табылып алынды. Сондай-ақ осы қалада 5 шілде күні полиция қызметкерлері тұрғын үйдің жанынан Макаров тапаншасы, жарық-дыбыс гранатасы және әртүрлі калибрлі 54 дана оқ табылып алынды. 15 шілде күні Алматы облысының полиция қызметкерлерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірлесіп қаруды бүркемеленген кезекті сақтау орны табылып, ол жерден 12 калибрлі кесілген шолақ мылтық, 12 калибрлі аңшы мылтық, газ гранатасы және 25 дана Макаров тапаншасының оқ дәрісі тәркіленді», - деді спикер.
Бұл азаматтардың ешқайсысы қылмыстық немесе басқа да жауапкершілікке тартылған жоқ. Өкінішке қарай, заңсыз айналымдағы ұрланған қарудың саны әлі көп. Осы бағыт бойынша және елімізде заңдылықпен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Ішкі істер органдары қажетті жұмысты жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтармен ерікті түрде тапсырылған қарудың саны 212 бірлікке дейін жеткенін айтты.
«Жалпы, ел бойынша құқық қорғау органдарымен «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ұрланған 846-дан астам ойық және тегіс ұңғылы қару табылды. Ұрланған қарудың 2 мыңнан астам бірлігі әлі де қылмыскерлердің қолында екенін, бұл ықтимал қауіпті төндіретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - деді Елдос Қилымжанов.
Айта кетерлігі, брифинг барысында қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз етуге барлық күш салынып жатқаны айтылды. Бұл ретте ІІМ өкілі азаматтарды қаңтар оқиғаларына қатысты кез келген ақпаратты ішкі істер органдарына хабарлауға, қару тапқан жағдайда оны өз еркімен тапсыруға шақырды.