Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық бизнесменнің мүлкі тәркіленбек
2021 жылдың 12 тамызында «Азия-Авто» АҚ компаниялар тобының негізін қалаушы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған болатын
Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық бизнесмен Анатолий Балушкиннің мүлкі тәркіленбек. Бұл туралы Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«11 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында А. Балушкинге (халықаралық іздеуде, БИПЭК компаниялар тобының акционері) қатысты іс бойынша прокуратура 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде «Рахман қайнары», «Нұртау» және «Порт Фортуна» демалыс базаларын), сондай-ақ 1 мың бірлік жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдаухатты сотқа жолдады», - делінген комиссия хабарламасында.
Күдіктілердің қылмыстық активтерін, оның ішінде шетелде анықтау, тыйым салу және тәркілеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, 2021 жылдың 12 тамызында «Азия-Авто» АҚ компаниялар тобының негізін қалаушы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті Анатолий Балушкинге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі «Алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.