Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды
«Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жыл басында басталған
Бүгінгі Үкімет отырысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ведомство басшысы өз баяндамасында «Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жыл басында басталғанын айтты.
Айта кетерлігі, компания заманға сай ақпараттық технологияларды дамыту жұмыстарымен айналысады. Бұл ретте Бағдат Мусин инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында «QazInnovations» агенттігі мен «Астана хаб» технопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыруды ұсынды.
«Ал Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму министрлігінің қоластына беріп, «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылады. Осы үрдіс барысында холдингтің жобаларды іске асыруы бойынша тиісті материалдарын құзырлы органдар қарап, зерделейтін болады. Есеп комитетімен талқылау кезінде холдинг қажеттілігіне күмән келтірілген болатын. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторды реформалау тапсырмасына сәйкес келеді. Осылайша, жыл сайынғы әкімшілік шығындар үнемделеді, қажетсіз басқару деңгейін алып тастау және жауапкершілікті нақтылау сияқты оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», - деді Бағдат Мусин.
Тақырыпқа орай: Жұмысыңызға көңілім толмайды – Тоқаев Мусинге ескерту жасады
Еске сала кетсек, 14 шілде күні өткен Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.