Халықтың жүріп-тұруына, кәсіпкерлердің жұмысына шектеу енгізілуі мүмкін – Денсаулық сақтау министрі
Соңғы 5-толқында тәулігіне 16 мыңдай адам тіркелді

Вирус жұқтырғандар саны артып, қызыл аймаққа өткен өңірлерде халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі шектелуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
«Шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберіледі. Қызыл аймаққа енген жағдайда 1-кезеңде кіру рұқсаты тек жасыл және көк статусы бар тұлғаларға арналған «Ashyq» мобильді қосымшасын объектілерде міндетті түрде пайдалану, міндетті термометрия және объектілерде әлеуметтік қашықтықты сақтау, мемлекеттік органдар (ұйымдар), кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ын қашықтан жұмыс түріне ауыстыру. Вахтадан шығу алдында және ПТР кіру кезінде қызметкерлердің COVID-19-ға ПТР әдісімен зертханалық тексеру жүргізу міндеттеледі», – деді Денсаулық сақтау министрі.
Оның сөзінше, өңірлер қызыл аймаққа енген жағдайда 2-кезең бойынша мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 50%-ын қашықтан жұмыс түріне ауыстыруға көшіп, адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
«Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде шектеулер SarsCov-2 штамының жаңа түрі тіркелген жағдайда күшейтіледі, бұл аурудың неғұрлым ауыр ағымын тудырады немесе жоғары жұқпалы болады. Кейбір өңірде біз бекіткен шектеу шаралары толыққанды жүргізілген жоқ. Сол себепті аурудың өршуін ауыздықтау оңай болған жоқ. Соңғы 5-толқында тәулігіне 16 мыңдай адам тіркелді. Сондықтан алдағы уақытта да вирус жұқтырғандар саны артып, өлім-жітім өссе шектеу шаралары қатаңдайды. Бұл әр аймақтың көрсеткішіне байланысты болады», – дейді министр.