Атырауда жеңіл көлік қаққан мотоцикл жүргізушісі ауруханада қайтыс болды
Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тергеуді бастады
Атырауда жеңіл көлік қаққан мотоцикл жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Оқиға Атырау қаласында 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 20:50 шамасында болған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, «Авангард» шағын ауданындағы Л.Владимирский көшесінде «Toyota Camry» көлігі солға бұрылыс маневрын жасау кезінде қарама-қарсы келе жатқан «Honda» мотоцикліне жол бермеген. Соның салдарынан жеңіл көлік пен мотоцикл соқтығысқан. Соққының екпінімен мотоцикл қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан «ВАЗ-2114» көлігімен түйіскен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл рулінде болған 1989 жылғы жүргізуші әртүрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккен жігіт жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілген.
«Аурухананың жансақтау бөліміне түскен 23 жастағы жігіт көз жұмды. Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу жүргізуді бастады», - делінген хабарламада.