Қызылордада жас шорт трекшілер екі айдан бері мұз айдынына кіре алмай жүр
Аймақта шорт трекке жергілікті билік тарапынан қолдау аз

Қызылордада жас шорт-трекшілер екі айдан бері мұз айдынына кіре алмай жүр. Соған байланысты жаттығу тоқтаған. Ата-аналардың айтуынша, жас спортшылардың сергелдеңге түсуінің себебі - мұз айдынын жалға алу ақысы төленбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Жиналғандардың айтуынша, аймақта шорт-трекке жергілікті билік тарапынан қолдау аз. Себебі әр жарысқа барған сайын жаттықтырушылар қаржы сұрап, демеушілерді жағалап кетеді дейді. Ол аздай енді балаларымызды мұз айдынында жаттығуға кіргізбей жатыр деп ашуланады.
«2,5 айдан бері балаларымыз мұз айдынына кіре алмай жүр. Себебі жалдау ақысы төленбеген. Оны 4 спорт мектебі аудару керек болатын. Жылына 3 рет балаларымыз республикалық жарысқа барады. Бірақ әкімшілік оған бас ауыртпайды. Демеушілердің қаржысына барып жүрміз», - дейді ата-ана Гүлмира Әмірғалина.
Ата-аналар бір баланың спорттық киіміне 200-300 мың теңге жұмсаймыз дейді. Оған жергілікті билік тарапынан көк тиын да бөлінбейтін көрінеді. Жауаптылар шорт-трекке қажетті қондырғымен қамтамасыз етуге де қауқарсыз деп қынжылады.
«Соңғы 3-4 жылдан бері облыстық спорт басқармасының маңдайы ашылмай қойды. Осымен 3-ші адам спорт басқармасында, бұның алдында 2 орынбасары сотталған болатын. Басшылардың дұрыс жұмыс істемегенінен, ақшаны дұрыс жұмсамағанынан, тиімді пайдаланбағанынан балаларымыздың спортпен айналысуына шектеу болып тұр», - дейді ата-ана Сейдалы Бірәлов.
Жауапты басқармадағылар айтылған мәселелерді жоққа шығармайды. Оны кезең-кезеңімен шешеміз деп, уәдені үйіп-төгуде. Ал жас спортшылардың сырғанай алмауына қайта құжаттандыру процесінің әсер еткендігін айтты.
«Мәселе жоқ емес, мәселе бар. Өздеріңіз білесіздер, спорт басқармасы мен мәдениет басқармасының қосылуына байланысты біраз код алу, ЭВК алу туралы шамалы кешеуілдеу болды. Қазір қаржыны қою процестері жүріп жатыр. Соған байланысты қысқа ғана үзіліс қой», - деді Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл.
Шорт-трек - олимпиадалық спорт түрі. Қазір командада 30-ға жуық бала бар. Олардың алды 4 жылдан бері мұзда сырғанап жүр. 20-ға жуығы еліміздегі ірі жарыстарда бақ сынап үлгерген. Жүлделі орындар жетерлік. Алайда, ата-аналарда қордаланған мәселелер балалардың сағын сындыра ма деген қорқыныш басым.