Шымкентте жас келіншек төрт адамды алдап, 14,5 миллион теңгесін алып кеткен
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр
Шымкентте төрт бірдей тұрғынды алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы ПД-нің Әл-Фараби АПБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз азаматша Шымкент, Нұр-Сұлтан, Түркістан қалаларынан жағдайы төмен отбасыларға пәтер алып беремін деп сеніміне кіріп, 7 млн теңге ақшасын алып, қайтармай қойған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190 бабы 3-бөлігімен тіркелді. Шымкенттік полицейлер қылмысты дер кезінде ашып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде, бұл жайтқа қатысы бар жергілікті тұрғын ұсталды.
Белгілі болғандай, жас келіншек оңай жолмен ақша табу мақсатында дәл осылай бірнеше тұрғынды алдап келген. Күдіктінің жалпы алаяқтықтың 4 жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 14,5 миллион теңгені құрады.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.