Кентаудың бұрынғы әкімі 10 жылға бас бостандығынан айырылды: Шөкеев орнынан кете ме?
Ол 42 миллион теңге алды деген күдікке ілінген болатын
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Кентаудың экс-әкімі Дәурен Мақажановты пара алғаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұрынғы шенеунік 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп тапты. Дәурен Мақажанов жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда өтейтін болады. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Отырыста тағы екі сотталушының үкімі жарияланды. Олар парақорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың біреуіне 1 жыл, екіншісіне 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Кентаудың экс-әкімі осы жылдың ақпан айында ұсталған болатын. Дәурен Мақажанов пара ретінде 42 миллион теңге алды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Кентаудағы автомобиль жолдарын жөндеумен айналысатын компания директорынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік схемасы бойынша ақша алған.
Маусым айында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақажановтың кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген болатын.