Павлодар мектебінен бес жүзге жуық адам эвакуацияланды
Зардап шеккендер жоқ
Павлодар мектебінен бес жүзге жуық адам эвакуацияланды. Мұндай шешім қабылдауға ғимараттың жертөлесінде орналасқан қалқандағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
№11 модульдік үлгідегі екі қабатты жалпы білім беретін бейіндік мектеп Жеңіс алаңында орналасқан.
«Электр қалқандағы сымдар тұйықталды, бірақ жанбады. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін жағдай ретке келтірілді. Мектеп пен ТЖ қызметтерінің бірлескен жұмысының арқасында эвакуация тез және ұйымдасқан түрде өтті. Ғимараттан 396 оқушы мен 53 қызметкер өздері шықты», - деді ТЖ аймақтық департаменті.
Оқиға орнына ТЖ-ның 19 өрт сөндірушісі мен алты техника, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығы, жедел медициналық көмек, полиция орталығының қызметкерлері шықты. №11 ЖОМ әкімшілігі зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.