Алакөлде қоқыс жәшіктері мен дәретхана жетіспейді

Azattyq Rýhy

Демалыс орнында түйінді мәселе көп

Алакөлде қоқыс жәшіктері мен дәретхана жетіспейді
Фото ашық дереккөзден

Алакөлде орталық кәріз жүйесі жоқ болғандықтан, әр демалыс үйі күн сайын техника жалдап, септиктерге жиналған лас суды сорғызады. Сорылған су ауыл сыртындағы полигонға төгіледі. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Көл жағасындағы Жарбұлақ елді мекенінің тұрғындары осыған алаңдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Ауыл тұрғыны кезінде көл жағасында жұмыс істеген «Алакөл тазалық» атты шаруашылық мекемесін қайта құру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені, жағалаудың тазалығына жауапты қазіргі коммуналдық шаруашылықтың техникалары талапқа сай келмейді.   

Көл жағасында қоқыс жәшіктері мен дәретхана да жетіспейді.

 «Қаншама рет айтылып жатса да, әкелеміз, жеткіземіз деген әңгіме естиміз. Бұл әңгімені естігелі төрт-бес жыл болды. Қомақты қаржы бөлініп жатыр ғой. Қоқыс жәшіктерін жеткілікті етіп қойса болады. Сосын биотуалеттер қойылуы керек. Алты жерде ғана деп тұр. Бұл жеткіліксіз», - дейді Жарбұлақ ауылының тұрғыны Майра Уәлиева.

Дәретхананың аздығы, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі өз алдына демалушылардың барлығы бірдей тазалық сақтай бермейді. Бұған туристердің өздері қынжылыс білдірді.

Алакөлде түйінді мәселе көп екенін жергілікті әкімдік өкілдері де жасырмайды. Көл жағалауында қазір 8 дәретхана жұмыс істеп тұр. Жақында тағы төртеуі қойылмақ.

 «Контейнерлер жетіспейді дейді. Былтыр 100 контейнер болды. Биыл тағы да алуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі Алакөлдің дамып, тез өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жетпей жатқан дүниелер бар. Аламыз тағы. Жұмыс істейміз», - деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.

Ал Алакөлдің ең өзекті мәселесі кәріз жүйелерінің құрылысы жақын арада басталмайтын секілді.  2020 жылы жобалық-сметалық құжат дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткенімен, тиісті қаражат бөлінбеген.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.