Алматы қаласының тұрғыны 23 млн теңге пәтерін сатып, ақшасын алаяқтарға аударып жіберген
15 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды

Соңғы уақытта тәртіп сақшыларының атынан жасалған алаяқтық жиілеп кетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмыспен күресу орталығының басшысы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тәртіп сақшыларының атынан алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Жалған полицейлер азаматтардың телефондарына қоңырау шалып, оларға жылжымайтын мүлікті кепілге алып несие беріліп жатқанын хабарлайды. Қылмыскерлерді ұстау үшін жалған полиция қызметкерлері мүлікті тез арада арзандатылған бағамен сатып, ақшаны сақтандыру шотына аударуды ұсынады. Сендіру үшін психологиялық қысым көрсету мақсатында алаяқтар ақпаратты жарияламау туралы хабарлайды, бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады», - деді Ж. Сүйінбай.
Алматы қаласының тұрғыны осындай алаяқтық схемасына түсіп, 13-22 маусым аралығында пәтерін сатып жіберген. Ал ол 23 миллион теңге көлеміндегі қаражатты бірнеше траншпен алаяқтардың есепшотына өзі аударып берген. Осы жағдай бойынша Қазақстан мен Ресей азаматтары болып саналатын 15 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды.
«Олар сериялық интернет-алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта топ мүшелерінің интернет-алаяқтықтың алты эпизодына қатысы болуы мүмкін екені анықталды, одан келтірілген залал 106 миллион теңгеден асады», - деп хабарлады ІІМ.