Елена Рыбакина жүлде салығын қай елде төлейді
Ол бір миллиард теңгеден астам сыйақы алады

Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина жүлде салығын қай елде төлейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Естеріңізге сала кетейік, беделді турнирдегі жеңісі үшін 23 жастағы Рыбакина 2 миллион фунт, яғни 1 миллиард теңгеден астам сыйақы алады. Спортшы ұтыстан кейін салықты қайда төлейді деген сұраққа «Астана теннисі» ұйымы жауап берді.
«Уимблдон турнирінің жүлде қорын төлеу бір рет Ұлыбританияда жүзеге асырылады. Қазақстан азаматшасы Елена Рыбакина Ұлыбританияда да жүлде салығын бір рет төлейді. Қазақстанмен және Ұлыбританияның қол қойған қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға сәйкес жүлде төлемдері Қазақстанда төленбейді», - деп түсіндірді ұйым.
Еске сала кетейік, жуырда қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде тунистік Онс Жаберден басым түсіп, тарихи жеңіске жеткен болатын.