Қызылордада азық-түлік бағаcын негізсіз көтерген 4 сауда орны анықталды
Кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданылды
Қызылордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаcын негізсіз көтерген 4 сауда орны анықталды. Кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл басынан бері тұрғындардың арыз-шағымына сәйкес, 17 нысанға тексеру жүргізілген. Көбіне үй ауласындағы дүкендерде тауарлар бірнеше есе қымбат бағада сатылады. Осы кезге дейін 2 мыңнан аса шағын кәсіп иелеріне ескерту беріліп, ұдайы мониторингтік бақылау жүргізіліп келеді. Мамандар өңірде Үкімет бекіткен 19 түрлі азық-түлік қорының көлемі жеткілікті деп отыр. Бірақ соған қарамастан баға шарықтап барады.
«Соңғы уақытта көтеріліп жатқан осы қант бағасы, одан бөлек өсімдік майы дейміз, қай түрінен де бағаның өсуі болған жағдайда біз сол тиісті себебін анықтау жұмыстарын жүргіздік. Бірінші кезекте, әкімшілік жаза есебінде ескерту беріледі. Жыл көлемінде қайталаса тиісті көлемде айыппұл қарастырылған», - деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Қожабергенов.