Атырауда газға тұншыққан тұрғындар талап қойды
Ашынған тұрғындар экологиясы бұзылған аумақта түрлі ауру өршігенін айтады
Атыраудағы мұнай және газ өңдеу зауытының іргесінде орналасқан үйлердің тұрғындарын өздерін көшіруді талап етуде. Өйткені күні-түні зауыттың гүрілдеген даусы мен исіне тұншыққандар есік-терезені ашып тыныстаудан қалған. Осыдан бес жыл бұрын дәл осы өндіріс маңдағы жүздеген баспана басқа жаққа қоныс аударылған болатын. Ал отызға жуық үй сол бойы қалып қойыпты. Себебі олар санитарлық қорғау аумағына жатпайды дейді жауаптылар. Наразылық білдіргендер де осы отыз үйде тұратындар үйлер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
2017 жылы Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының іргесіндегі екі жүзге жуық тұрғын үй көшірілген. Алайда он адым жердегі отызға жуық баспана сол күйі қалып қойыпты. Оларға санитарлық қорғау аймағына жатпайсыздар деген жауап келген. Алайда зауыттың күні-түні гүрілдеген қатты шуы мен сасық иісіне тұншыққан тұрғындар талай жылдан бері әкімдердің табалдырығын тоздырғандарын айтады.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының маңындағы үйлердің жартысын көшіріп, жартысын қалдырды. Енді иісінен терезе аша алмаймыз. Зауыттың дауысы деген күй жоқ. Есік терезе аша алмаймыз. Әкімдерге де бардық. Бәріне айттық. Бірақ нәтиже жоқ», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Әділбек Есқалиев.
Ашынған тұрғындар экологиясы бұзылған аумақта түрлі ауру өршіп, өлім-жітім көбейді дейді. Қатерлі ісікке шалдыққандар да аз емес екен. Осының барлығы өндірістің салдары дейді жиналғандар. Түн ішінде өткір иістен оянамыз деген үлкендер балаларының денсаулығына алаңдап отыр. Тұншығып отырсақ та, зауыт маңындағы ауаны өлшейтін мамандар бәрін тап-таза етіп шығарады деп наразы.
Тұрғындар бұл ықшамауданды жергілікті атқарушы органдар ұмыт қалдырды, 60-70 жылдан бері жол жоқ, әкімнің не депутаттың бұл маңға аяқ басқанын көрмедік деп ашынды. Наразы халыққа келген шенеуніктер мәселенің шешу жолдарын қарастырамыз деп уәдені үйіп-төкті.
«Мұнай өңдеу зауытының исі бойынша, дауысы бойынша ұсыныстарды басшылаққа жеткіземіз. Осы жерде нақты қанша үй қалғанын анықтап, асфальт жол түсіруге, контейнер қоюға жұмыстанамыз», - деді Атырау қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фараб Қуанышқалиев.
Ал, Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының өкілдері тұрғындардың талабынан хабардар екен. Бірақ бұл баспаналар санитарлық қорғау аумағына жатпайды дейді. Сондықтан тұншыққан тұрғындардың мәселесін жергілікті әкімдік шешсін деп отыр. Ал, ашулы халық бұл мәселені енді облыс басшысының алдында көтермекші.