Елордада тәркіленген мамонт мүйіздері Ұлттық музейге тапсырылды
Мәдени құндылықты тасымалдаған азамат 4 жарым жылға бас бостандығынан айырылған
Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы А. Портнягинге қатысты аса ірі мөлшерде мәдени құндылықтар мен ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстаннан тыс жерге заңсыз әкету фактісі бойынша үкімді өзгертті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының 2022 жылғы 23 мамырдағы үкімімен А. Г. Портнягин 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды. Осы үкіммен мамонттардың мүйізінің 83 фрагменті "Чондон" көшпелі рулық қоғамдастығының ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне қайтарылды.
Апелляция дәлелдерді тексеріп, іс материалдарын зерттеп, үкімнің контрабанда заттарын ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне беру туралы бөлігінің күшін жойды, өйткені ҚПК-нің 118-бабының 3-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес заңсыз кәсіпкерлік және контрабанда заттары сот шешімі бойынша мемлекет кірісіне айналдырылуы тиіс.
«Осыған байланысты, жалпы салмағы 5 754,6 кг болатын 176 объект мамонт мүйізі мен жүнді мүйізтұмсық мүйізі сот алқасының қаулысымен ҚР Ұлттық мұражайына беріле отырып, мемлекет кірісіне айналдырылды. Бірінші сатылы сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық сотының хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енді.