Қарағандыда азаматтарды 43 млн теңгеге алдаған алаяқ әйелге үкім шықты

Azattyq Rýhy

Ол жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылды

Қарағандыда азаматтарды 43 млн теңгеге алдаған алаяқ әйелге үкім шықты

Қарағанды тұрғындарын 43 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ әйелге үкім шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды қаласының 50 жастағы азаматшасы тұрғындардың сеніміне кіріп, 2019-2021 жылдар аралығында екі жыл бойы ақшаларын жымқырып отырған. Сонымен қатар, әйел өзін әртүрлі банктердің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға ипотекалық несие мен субсидияны еш қиындықсыз рәсімдеуге уәде берген.

«Ол әлеуметтік желілерде өз қызметтері туралы хабарландырулар жариялаған. Барлығы 30-ға жуық адам алаяқтың әрекетіне сеніммен қараған. Сонымен бірге, алданғандар алаяққа алғашқы жарна ретінде 450 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейінгі қомақты сома берген. Алаяқ ол ақшаны қайтармайтының біле тұра алып отырған. Азаматтар барлық үміттерін жоғалтып, полицияға шағымданған кезде ғана, шындықтың беті ашыла бастаған. Ең алғашқы арыздар Қарағанды қаласының ПБ-ның Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінен түскен. Полицейлер ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалған күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс бойынша айыпталушыға «үй қамауы» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Кәсіби тергеудің арқасында әр эпизод үшін алаяқтықтың кінәсі дәлелденді, барлығы – 29», - делінген хабарламада.

Тергеудің аяқталуына байланысты қылмыстық іс Қарағанды қаласының Октябрь ауданының сотына қаралуға жіберілді. Сот дәлелдемелердің жиынтығын негізге ала отырып, сотталушыны толық кінәлі деп есептеді. Жасаған ісіне шын жүректен өкінетінін, кәмелетке толмаған екі баласының бар екенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау орната отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталушы жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім заңды күшіне енді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.