Қызылордада аса ірі мөлшерде есірткі затын тасымалдағандар қолға түсті
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қызылордада аса ірі мөлшерде есірткі затын тасымалдаған 2 адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы қызметкерлері «Шымкент-Самара» тасжолында жол ережесін бұзған «Фольсваген» автокөлігінің жүргізушісін тоқтатқан. Көлікте жүргізушімен бірге бір жолаушы болған.
«Тексеру барысында автокөліктен қапқа салынған шөп ұнтақтары тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 4 келіден аса «кептірілген марихуана» екені анықталды. Екі күдікті қазір Арал АПб-ның уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр», - деп көрсетті Қызылорда облысы Полиция департаментiнің Есiрткi қылмысына қарсы iс-қимыл басқармасы.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есiрткi,психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.