Ақтөбе облысында жол құрылысына қатысты шу шықты
Тұрғындар халықаралық трассаның ауылдың ортасынан өтетініне наразы
Ақтөбе облысында ірі жол құрылысына қатысты шу шықты. Халықаралық банк арқылы ақша бөлініп, ондаған сараптамадан өткен жобаны Бестамақ ауылының тұрғындары өзгертуді талап етуде. Олар елді мекеннің қақ ортасынан төрт жолақты трассаның салынуына үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал ауыл іргесіне дейін асфальт төсеп тастаған жолшылар енді әрі қарай не істерін білмей отыр.
Бестамақ ауылының қақ ортасынан өтетін трассада көлік нөпірі ешқашан тоқтаған емес. Сағатына жүздеген машина осы жермен жүреді. Ақтөбеден басталатын бұл трасса көршілес Атырауға барып тіреледі. Екі аймақтың арасын жалғайтын жол құрылысының басталғанына төрт жылға жуықтады. Енді Бестамақ ауылы тұсына келгенде тоқтап тұр. Жобада елді мекен ішінен төрт жолақты трасса салу жоспарланған. Бұған тұрғындар қарсы.
«Әнәу күні санадым, бес минутта он фура өтті. Фура, кішкентай жай машина емес. Сонда ол қазір жол бітпей тұрғанда. Жол біткенде қанша фура өтеді. Светафор 23 жерден қою керек. Светафор жанғанда мына жерден неше машина кептеледі. Төрт полоса бәрі толады. Ана жақтағы балаларымыз қалай өтеді мектепке? Халқымыз қалай жүреді?», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Бейбіт Дошаев.
Бестамақ тұрғындары халықаралық маңызға ие бұл трасса ауылды айналып өтсін деп отыр. Қазіргі екі жолақты жолдың өзі қауіпті екенін айтады. Онсыз да осы маңда көлік қағып қаншама адам қаза тапқан. Енді төрт жолақты болатын болса, өз шаңырағымызда көлік шуынан тұра алмайтын хәлге жетеміз деп қорқады.
«Менің анамды қағып кетті. Әкемді қағып кетті. Анау жерде көршімді қағып кетті қасында тұрған. Осы жолдың бойында. Екі жол болғанның өзінде сол.Менің тереземнің алдымен жүреді. Төбем сықырлайды. Люстрам қозғалады. Нанбасаңдар, келіңдер де қоныңдар. Көріңіздер», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Айсұлу Жұмабаева.
«Ауылда емін - еркін жүру керек қой. Бала деген ойнау керек. Ал ертеңгі күні мына Алғаның өзін айналып өтіп жатыр. Неге бізді айналып өтпеске? Қашан болды тап ауылдың ортасынан көшеден 4 машина өтеді деген. Масқара ғой бұл деген», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Әсел Мыңбаева.
Ақтөбе мен Атырау арасындағы жолды салуға халықаралық Азия даму банкі ақша берген. Бірнеше рет сараптама жүргізіп, 6-7 жыл бұрын қоғамдық тыңдау өтті деп ақталады қазавтожолдағылар. Енді бестамақтықтардың наразылығынан соң осы ауыл ішінен өтетін 3 шақырымға жуық трассаның құрылыс жұмысын бір мәмілеге келгенше тоқтатып қоймақшы.
«Тоқ етері қазір халық не айтады сол. Егер халық айтса мен ашығын айтайын мына жолды сыртпен алып кету десе, мына жағын қарастырдық. Бұл жағы болмайды,су. Мына жақпен алып кету керек десе проекті бірнеше жылға тоқтатылады. Қазіргі жағдайда Бестамаққа дейін келеді. Енді мен жұмысты тоқтатпас үшін Бестамақтан әрі қарай Алғаға қарай салып кете береміз», - деп көрсетті «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.
Атырау мен Ақтөбе арасындағы жаңа жолдың Бестамақ ауылындағы бөлігі әзір салынбайтын болды. Тұрғындар наразылығынан соң қайта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, жобаны қалай өзгертуге болатынын қарастырады.