$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.02.2020, 18:20
Жаңалықтар

«Екі күнге 120 млн теңге қаражат шығады» - депутат министрлердің алқалық есебін сынады

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әкімдер мен министрлердің алқалық есебін сынға алды

«Екі күнге 120 млн теңге қаражат шығады» - депутат министрлердің алқалық есебін сынады
Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлердің алқалық есептерінің форматтарын мүлдем өзгерту керек деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы депутат Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Әкімдер мен министрлердің жалаң құрғақ есептері мен толып жатқан қасаң цифрлары, алдын ала дайындап қойған сөйлеушілері мен сұрақ қоюшылары, сала бойынша кемшін мәселелер, оны шешудің жолдары аз айтылады. Көзбояушылық пен формализм көп», - деп жазды депутат. 

Оның айтуынша, ол өткен аптада екі министрліктің алқасына бір топ әріптестермен қатысқан. 

«Өңірлерден кемінде екі мыңдай маман шақырылғанын көрдік. Бірақ шалғай ауылдардағы, аудандардағы  мәселелер туралы келген адамдардың пікірлерін ести алмадық. Ал онда қордаланған дүние бастан асады. Тек министрлер мен оның орынбасарлары күнделікті айтылып жүрген жайларды тізбелеп айтып бергендей әсер қалдырды. Мұндай жиналыстан қандай тиімділік күтуге болады? Қатысқан әріптестерім де осы пікірде болды», - деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Оның жазуынша, тек екі министрлік бойынша екі мың адамның Нұр-Сұлтан қаласына екі күнге іс-сапармен келіп кетуі кемінде тәулігіне әрқайсысы 60 000 мыңнан деп есептесек, екі күнге  екі мың адамға 120 млн теңге қаражат шығады екен. 

«Қаржы тапшылығы жағдайында осы қажет пе? Онлайн жүйесінде жасауға да болады ғой. Президентіміз керексіз шығынды азайтыңдар деп үнемі айтумен келеді, өкінішке орай, тыңдар құлақ жоқ сияқты», - деп жазды депутат.

Серіктес жаңалықтары