Мысыр билігі акулалар шабуылынан кейін бірнеше жағажайын жауып тастады
Акулалар шабуылынан екі турист көз жұмды
Мысыр билігі туристер көп баратын Хургада қаласындағы жағажайларын жауып жатыр. Басты себеп – соңғы күндері акулалар шабуылынан кейін екі турист көз жұмды. Бұл туралы Azattyq Ruhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Қызыл теңіз провинциясының губернаторы – генерал-майор Амр Ханафи курортты Хургада қаласында акула шабуылынан екінші турист көз жұмған соң бірнеше жағажайды жабу туралы шешім қабылдады.
Мысырдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің хабарламасында акулалар шабуылына байланысты жағдайды анықтау жөнінде комитет құрылғаны айтылған.
Айта кетейік, Мысырдың Хургада курортты қаласында көпшіліктің көз алдында акула туристке шабуыл жасап, қолы мен аяғын жұлып алды.
Көп ұзамай осыған ұқсас шабуылдан екінші турист көз жұмғаны анықталды.
Қызыл теңізде акулалардың шабуылы сирек кездеседі. Дегенмен соңғы жылдары мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Мысырға баратын туристердің 65 пайызы курортты Хургада қаласына барғанды жөн көреді.
Айта кетейік, 2018 жылы акула шабуылынан чехиялық турист қаза болды. Ал 2015 жылы осыған ұқсас жағдайдан германиялық турист көз жұмды.
2010 жылы Шарм-әл-Шейх жерінде бес күн ішінде акулалар шабуылынан 70 жастағы әжей көз жұмса, тағы төрт турист түрлі деңгейде жараланды.