2500-ден астам домбырашы бір мезетте қазақтың танымал күйлерін орындады

Azattyq Rýhy

Акцияға «Алтын домбыра» өнер орталығының 200-ден астам оқушысы қатысты

2500-ден астам домбырашы бір мезетте қазақтың танымал күйлерін орындады
Фото ашық дереккөзден

Ұлттық домбыра күні қарсаңында «AMANAT» партиясының  Жастар қанаты республикалық «Dombyra party» акциясын ұйымдастырды. Бүгінде еліміз бойынша 2500-ден астам домбырашы қазақ күйлерін орындады. Акцияға «Алтын домбыра» өнер орталығының 200-ден астам оқушысы елорда төрінде қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас қалада өткен акцияда «Алтын домбыра» өнер орталығының шәкірттері «Ерке сылқым», «Адай», «Балбырауын», «Әке толғауы» сияқты шығармаларды орындады. Сондай-ақ, өнер орталығының жетекшісі Ибрагим Ескендір жас домбырашылармен бірге «Көк тудың желбірегені» композициясын акапелла түрінде айтты.

Шара барысында ұйымдастырушылар «Қасиетті домбыра» атты ауқымды байқау бастау алатынын айтты.

«Бұл акция халық арасында ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі болып саналатын көне музыкалық аспапты насихаттауға бағытталған. Домбыра – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін, қазақ мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Осы алаңды пайдалана отырып, біз «Қасиетті домбыра» республикалық байқауының басталғаны туралы жариялаймыз» - деп атап өтті партияның жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Байқау 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 16-35 жас аралығындағы жастар арасында өтеді. Ол өтінімдерді қабылдау, офлайн тыңдау және финал болып үш кезеңнен тұрады. Өтінімдер 31 шілдеге дейін қабылданады.

Байқау туралы толық ақпаратты жастар ұйымының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан таба аласыздар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.