Қытайдан 27 млн теңгенің тауары заңсыз жолмен жеткізілмек болған

Azattyq Rýhy

Заңсыз әрекет кедендік бақылау жүргізу кезінде анықталды

Қытайдан 27 млн теңгенің тауары заңсыз жолмен жеткізілмек болған

Қытайдан құны 27 млн теңге болатын декларацияланбаған тауарларды кедендік төлемдерден жалтарып әкелуге тырысқан. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы құны 27 млн теңге болатын автобөлшектер, аккумуляторлар, дәнекерлеу аппараты және шаруашылық тауарлары Қазақстанға бір ЖШС кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарып әкелуге тырысты. 2022 жылғы 14 маусымда «Қалжат» кеден бекетінде декларацияланбаған жүкті тасымалдау әрекеті тоқтатылды.

«Бұзушылық сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу кезінде анықталды.

Тіркемесі бар КамАЗ маркалы автокөлік құралын инспекциялық тексеру кешенін қолдану арқылы сканерлеу нәтижелері бойынша құжаттарда мәлімделген тауарлар мен көлік құралындағы заттар арасында айырмашылықтар анықталды. Кедендік тексеріп қарау нәтижелері бойынша жалпы салмағы 20 тонна декларацияланбаған тауарлар анықталды, оларға 5,5 млн теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар салынды.

Сонымен қатар, импорттаушы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Декларацияланбаған тауарлар бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы бюджетке өндіріп алынды», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, мұндай фактілер осыған дейін де болған.

Мәселен, инспекциялық-тексеру кешендерін пайдалану кезінде биыл құны 1 млрд теңге болатын 4 мың тоннадан астам декларацияланбаған тауар анықталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.