«Полиция қызметкеріміз»: Екібастұзда алаяқтық жасаған күдіктілер ұсталды

Azattyq Rýhy

Алаяқтар көшедегі азаматтарды құжат тексереміз деген сылтаумен сөзге тартқан

 

«Полиция қызметкеріміз»: Екібастұзда алаяқтық жасаған күдіктілер  ұсталды
Фото: ашық дереккөзден

Екібастұз қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық жасаған үш күдікті анықталып, ұсталды. Олардың бірі бұрын адам тонағаны үшін сотталған павлодарлық тұрғын болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күдіктілердің әрекет ету схемасы әшкереленген. Яғни, олар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, өзгелерді алдап және сенімге қиянат жасаған.

Белгілі болғандай, алаяқтар көшедегі азаматтарды құжат тексереміз деген сылтаумен сөзге тартқан. Ары қарай ақпараттық жүйелер көмегімен банктер қосымшаларында сәйкестендіруден өткізіп (биометриялық деректерді қолдана отырып), азаматтарға тауарлық және қолма-қол несие рәсімдеп алып отырған.

«Қазіргі уақытта күдіктілердің Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 8 фактіге қатысы бар екені анықталды. Сондай-ақ ұсталғандардан полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі тәркіленді», - деді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.

Тақырыпқа орай: «Полицияданбыз деді»: Қостанайда зейнеткер үйінен және 10 млн теңгесінен айырылып қалды

Осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен алаяқтық бойынша және 390-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері азаматтарды кезекті рет қырағы болуға және құжаттарды мұқият тексеруге шақырады.

«Үшінші тұлғаларға жеке деректерді, парольдерді, ПИН-кодтарды хабарламаңыз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға «102» телефоны бойынша хабарласыңыз немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдаланыңыз. Уақытында келіп түскен ақпарат полицияға алаяқтардың ізіне түсіп, қылмыстың алдын алуға көмектеседі», - деді ПД өкілі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.