Жаңаөзенде коммуналдық кәсіпорын басшылығы 637 млн теңге қаржы жымқырған
Маңғыстау облыстық прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр

«Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласы прокуратурасы 2019-2021 жылдарға арналған бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексерді.
«Тексеріс барысында «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды басшыларының 637 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғанын анықтады», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы «Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп алу немесе иемдену» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс облыстың арнайы прокурорларының өндірісіне өткізілді», - делінген прокуратура хабарламасында.