Атырау облысында аудан халқы судан тарығып отыр

Azattyq Rýhy

Су тапшылығы ауданның дамуына кедергі

Атырау облысында аудан халқы судан тарығып отыр
Фото ашық дереккөзден

«Мақат су арнасы» ауданды ауыз сумен қамтып отырған жалғыз мекеме. Ол 6 елдімекеннің малы мен жанына қала берді өндірісіне қажетті суды таратып береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Мұндағы 4 су сорғысы кезегімен жұмыс істеп тұр. Қазір тәулігіне 2800-3000 текше метр су беріледі. Бұл әзірге тұрғын үйлер мен мекемелерді қамтуға жетіп тұр. Одан бөлек өндіріс орындары да бар.

 «Бізде қыстақтар жоқ. Олар алса су азаяды. Қазір водавоздар алып тұр, кен орындарына. Бүгін таңертең 18 тонна «Камаз» автокөлігі алып кетті. Жаңадан екі 60 пәтерлік үй салып жатыр. Қасында бұрыннан біреуі бар. Оған да су керек», - дейді Сумен қамту мекемесінің қызметкері Мәлік Көшімбетов.

Мақат ауданы бойынша 90 шақырымға жуық су құбыры бар. Тұрғындардың суға деген қажетін өтеу үшін 4 жерге әрқайсысының сыйымдылығы 2-5 мың текше метрлік су қазандары қойылған. Оларға жиналған су сорғылар арқылы тұтынушыға жіберіледі. Соның өзінде қазіргідей аптап ыстықта құбыр қысымы төмендеп кетеді. Тығырықтан шығу үшін қосымша тағы 3 мың текше метрлік екі су қазанының құрылысы қолға алыныпты.

 «Мал суарылады, жеміс-жидек ағаштарға да су керек. Сондай шығындар болып жатыр бізде. Судың деңгейі қазір бізде 2,5 атмосфера қысымда тұрса, Атырау су арнасына тапсырма берген болатынбыз. Сағат 7 кейін 2,6 судың қысымын көбейту жөнінде Сол бағыттарда жұмыстар жасай береміз», - дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбай.

Су тапшылығы жыл санап қарқын алып келе жатқан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтіні даусыз. Сондықтан бар үміт жаңа магистрал құрылысында. «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбырын қайта жарақтандыру жобасы қолға алынғалы 4 жылдан асты. Бірақ әзірге ол тек жоба жүзінде тұр. Құбыр іске қосылса, Мақат емес, тағы төрт ауданның  суға қатысты мәселесі шешілер еді. Себебі, қазір Атыраудан тартылған құбырға екі ірі зауыт пен ондаған кәсіпорын ортақтасып отыр. Ал оның қиындығын қарапайым шаруалар тартуда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.