Жамбыл облысында әкімдік мардымсыз ақшаға мемлекет мүлкін сатып жіберген
Заңсыздық Қордай аудандық қаржы бөлімінде анықталды

Жамбыл облысында құны 1,6 миллиард теңге тұратын мемлекет мүлкін әкімдік мардымсыз ақшаға сатып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңсыздық Қордай аудандық қаржы бөлімінде анықталды. Әкімдік аудан халқының жартысын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қордай су» мекемесін аукцион арқылы саудалаған. Олар әлеуметтік маңызы бар кешенді 62 миллион теңгеге дейін төмендетіп сатқан. Бұл былықты прокуратура қызметкерлері анықтап, бірқатар лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
«Одан бөлек Қордай су мекемесі 9 ауыл мен аудан орталығындағы бір шағын аудандарының 27 мыңнан астам тұрғындарынан орталық су үшін 20 млн теңгеге жуық заңсыз ақша жинағаны анықталды. Енгізілген прокурорлық акт нәтижесімен мүлік толық мемлекетке қайтарылды. Және халықтан заңсыз жиналған қаражат бекітілген тарифті төмендету арқылы өтелетін болады», - деді облыс прокурорының аппарат жетекшісінің міндетін атқарушы Сержан Әбдіқұлов.