«Экологияға залал келтіргені үшін жауапкершілік күшейеді»: министр заңға енгізілетін өзгерістерді айтты
Аса ірі залал көрсеткіші – 2000 АЕК
Соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) жекелеген түрлерінде жеке тұлғалардың болу тәртібін бұзу жағдайларының саны күрт өсті. Егер 2017 жылы барлығы 41 құқық бұзушылық жасалса, 2020 жылы пандемияға қарамастан 900-ден астам адам жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Осыған байланысты министрлік заң жобасын әзірлеп, онда айыппұл мөлшерін 2 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген.
Бұл бап ЕҚТА режимін бұзу кезде, бірақ қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаған жағдайда қолданылады.
«Қылмыстық кодекске заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, заң жобасы бойынша мынадай көрсеткішті төмендету ұсынылады:
- Елеулі залал 100-ден 50 АЕК-ке дейін;
- Ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін.
Бұл ретте аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады және 2000 АЕК құрайды», - деді министр.
Сондай-ақ, 324, 325, 326, 328, 329, 330 және 333-баптардағы «Экологиялық залал» термині «залал» деген ұғыммен ауыстырылды, өйткені қылмыстық заңнамада құқықтық анықтамасы жоқ.
Бұдан бөлек, экологиялық залал келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында келесі өзгерістер енгізілді:
- «Жердi жою» 332-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақта залал келтiргенi үшiн жазаның неғұрлым қатаң түрi көзделген.
- «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және жер қойнауын заңсыз өндіруге жол бермеу мақсатында 334-баптың 1-бөлігі қылмыстық теріс қылық санатынан қылмысқа ауыстырылып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны енгізу арқылы санкция күшейтіледі. Осы баптың 2-бөлігінің санкциясы да 3 жылдан 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаңдату арқылы өзгертілді.
- «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» 340-бабында бұл бұзушылықты теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізілді.
- «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимін бұзу» 342-бабының 1-бөлігі күшейтіледі және біліктілік белгілері бөліне отырып, 3 және 4-бөліктермен толықтырылады.
Сонымен қатар, қылмыстық-процестік кодексіне де бірқатар өзгерістер енгізіледі:
- «Тергеулік» деген 187-бабына ауыр қылмыстар санатына жататын аса iрi залал келтiрудi тергеу органдары қарайтынын көздейтiн өзгерiстер енгiзiледi.
- Қылмыстық кодекстің 334-бабында бірінші бөлігі ауыр емес қылмыстар санатынан ауырлығы орташа қылмыстарға ауыстырылса, бірінші бөлігінде iрi зияннан елеулi залалға, ал екiншi бөлiгiнде аса iрi зияннан iрi зиянға ауыстыру ұсынылады.
- 342-бап iрi зиян келтiрудi көздейтiн үшiншi бөлiкпен толықтырылды.
- Қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы орташа қылмысқа ауысуына байланысты 340-баптың екінші және үшінші бөліктері хаттамалық нысаннан алдын ала тергеуге ауыстырылды.