$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Санын азайту үшін сау малды ауру деп әкетіп жатыр»: теріскей тұрғындары төрт түлікке жалған диагноз қойылғанына сенімді

Былтыр өңір бойынша 500 ірі қара бруцеллезге шалдыққан

«Санын азайту үшін сау малды ауру деп әкетіп жатыр»: теріскей тұрғындары төрт түлікке жалған диагноз қойылғанына сенімді

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылының өрістегі малының саны күннен-күнге сиреп барады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жергілікті әкімдік бөлген жайылымдық жер тап-тақыр, мүлдем шөп шықпай қалған. Ал іргедегі шөбі шүйгін алқапта жеке шаруашылықтардың төрт-түлігі ғана жайылады. Бұдан бөлек, тұрғындардың сиырларын бруцеллез жұқтырды деген желеумен ветеринарлар алып кететінді шығарған. Ауылдықтар қорадағы малы ешқандай дерт жұқтырмағанына сенімді, бірақ оны дәлелдей алмай әлек. Ауыл тұрғындарының мал басы осылайша азайып бара жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Ауыл тұрғындары үшін мал өсіру – негізгі табыс көзі. Басқа жұмыс болмағандықтан сүтті, май мен қаймақты сатып, нәпақасын айырып отырған отбасылар да бар. Өкінішке орай, сан жылдардан бері атадан балаға беріліп, жалғасып келе жатқан бұл кәсіппен айналысу қазір тиімсіз болып барады. Әкімдік жайылымға деп бөлген жер «ит байласаң тұрғысыз» жағдайда. Ақ шаңы шығып жатқан иен дала мал бағуға жарамсыз. 

Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылының тұрғыны Людмила Герт биліктегілер тарапынан «ала қойды бөле қырқу» белең алғанын айтады. 

«Ауыл маңындағы алқаптың бір шетіне жеке шаруашылық малын жаяды, екінші жағында бір табын жылқы жайылады. Шамамен 200-300 бастай бар. Ал қарапайым тұрғындардың төрт түлігі ортада қалып қойып отыр. Бір жерді айналып жүр. Жейтін шөп жоқ. Жайылым тар. Соңғы кезде сиырлар суала бастады. Сүт – біздің негізгі табысымыз ғой. Біз сол ақты сатып, күн көріп отырмыз. Мен бес сиыр сауатынмын, қазір соның екеуі ғана қалды. Себебі оларды бағу қиындап кетті. Жем-шөптің құны тіптен шарықтап кетті», – дейді Людмила Герт.

ЕТ КОМБИНАТТАРЫ АУРУ МАЛДЫ АРЗАНҒА САТЫП АЛАДЫ

Ауыл тұрғындары жайылым жоқ деп шу шығара берген соң жергілікті билік мәселені шешудің жеңіл жолын тапқан сыңайлы. Басты мақсат – қалайда мал басын кеміту. Бұрын ешқашан ауырмайтын сиырлар соңғы кездері бірінен кейін бірі бруцеллез болып шығып жатыр. Бруцеллез дертін жұқтырған малдың етін ет комбинаттары арзанға сатып алатыны белгілі. Шаховское ауылының тұрғындары атқа мінерлер арзан шикізат керек болғанда осындай әдіске көшетінін де жасырмай айтып отыр. Ветеринарлардың да бұл жағдайға қатысты айтатын өз уәждері бар. Олардың сөздерінше, бұл ауылда аталмыш дерттің ошағын бірнеше жыл бұрын тапқан екен, алайда соны жоя алмай отырғаны түсініксіз, әлде жойғылары келмей ме? Көктем мен күзде малдан міндетті түрде қан алынады. Тұрғындар ветеринарлар арзан ет іздеп келгенін бірден біледі. Бірақ қарсы қояр дәлелдері жоқ. Жақында ғана бір сиырын су тегінге берген Құбар Ахметова бұл үрдісті тоқтату керек деп дабыл қағып отыр.

«Бір сиырымды алып кетті. Айтуларынша, бруцеллез жұқтырған-мыс. Ақысы ретінде бар болғаны 80 мың теңге ғана төледі. Қазір бес ірі қара ұстап отырмын. Енді қорадағы сол сиырларымды алып кете ме деп қорқамын. Қай күні қоңырау шалып қалар екен деген үреймен отырмын. Осындағы кей тұрғындарда 5-6 сиырдан бар болатын. Бәрінікін құртып бітті. Адамдар қазір мал өсіруден қорқатын жағдайға жетті. Екіншіден, ірі шаруашылықтар барлық жайылым жерді сатып алды. Ауыл тұрғындарына түк те қалдырмады. Ал жоқтан бар жасап, екі-үш сиырын қалт-құлт етіп бағып отырғандардікін бруцеллез деген желеумен құртпақшы. Енді не істейміз? Ары қарай қалай өмір сүреміз»? – дейді Құбар Ахметова.

Ветеринария туралы заңға сәйкес бруцеллезбен ауырған малдың еті жойылмайды, арнайы ет комбинаттарына өткізіледі. Онда өңделеді. Ал ауру мал үшін жарты құнын да бермейді. Ауыл тұрғындарының айтуларынша, үлкен ірі қара үшін берілген ақша орнын басатын бұзау сатып алуға да жетпейді. 

500 ІРІ ҚАРА БРУЦЕЛЛЕЗГЕ ШАЛДЫҚТЫ

Ветеринар мамандар болса бұл жайтқан тұрғындардың өздерін кіналап отыр. Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуынша, ауылдықтар малдарына түрлі ауруларға қарсы екпе салдыруға келгенде өте салғырт. Салдарынан мал ауруға душар болатын көрінеді. 

«Біз мал ұстайтындарға сиырларын бруцеллезге қарсы екпе салдыру жайлы үнемі ескертеміз. Алайда олардың тарапынан түсіністік жоқ. Өз қалталарынан ақша шығарып, екпе салдыртқылары келмейді. Бұл істі сырттан біреу келіп істеп бермейді ғой, мал өздеріні, оларды аурудан қорғау да иесінің міндеті ғой», – дейді Берік Әлжанов. 

Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, былтыр өңір бойынша 500 ірі қара бруцеллезге шалдыққан екен. Бәрі дерлік сойылып, еті қайта өңдеуге жіберілген. Иелеріне нарықтағы орташа бағасы бойынша компенсация төленген, дейді басқарма басшысы. Тұрғындардың сөзінше, бұл жерде ұтатын – ет комбинаты. Тұрғындар арзан шикізатқа құныққан ет комбинатының басшылығы мен ветеринарлар ауыз жаласып алып, әрекет етіп отыр деп айыптауда. Ал сол арзан еттен жасалған шұжық нарықтағы бағадан төмен сатылғанын көрген жан жоқ.

Серіктес жаңалықтары