Идеологиялық тұрғыдан ескірген 6460 көше мен елдімекен атауы өзгереді - Нұрқиса Дәуешов
Қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі 555-ке кеңейтілген
Республика бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 6460 көше мен елдімекен атауы өзгереді. Оның ішінде 760 елдімекен, 5700 көше мен даңғылдар атауын ауыстыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы «Miras» республикалық кеңесінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлімдеді.
«Мәселен, Қостанай облысында Большевик, Октябрь, Буденный, Ақмола облысында Волгодоновка, Каменка, Первомайский, Қарағанды облысында Дубовка, Петровка, Ростовка, Индустриальный сынды елдімекендердің атаулары әлі күнге дейін сақталған. Бұндай мысалдардың тізімі өте ұзақ. Осының негізінде әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, Жол картасында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен өзгерту бойынша тапсырмалар берілді. Мысалы, Ақмола облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген 309 елдімекен мен 1010 құрамдас бөліктер бар. Бұл облысқа өңірдің ерекшелігін ескере отырып 2022 жылы - 20 елдімекен, 30 құрамдас бөлік, 2023 жылы – 30 елдімекен, 50 құрамдас бөлік, 2024 жылы – 40 елдімекен, 70 құрамдас бөлік, 2025 жылы 50 елдімекен, 80 құрамдас бөліктің атауы өзгереді», - дейді вице-министр.
Нұрқиса Дәуешовтың сөзінше, қазіргі қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі өзектендіріліп, бүгінде 345 тұлғаның есімі енген тізім 555-ке кеңейтілген.
«Мысалы, толықтырылған тізімге белгілі Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы, қазақтың көрнекті жазушысы, абайтанушы, мұхтартанушы Кәмен Оразалин, грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-нің халық білімінің үздігі Рафика Нұртазина, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов, Мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев, белгілі ақын Кәкімбек Салықов, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко және т.б. тұлғалар енгізілді. Жалпы аталған тізімді өзектендіру мақсатында әкімдіктер жыл сайын 1 қарашаға дейін министрлікке өз ұсыныстарын енгізу қарастырылған», - дейді Н.Дәуешов.