«Айтқанымды дәлелдеуге дайынмын»: Бибісара Асаубаева шахмат федерациясындағы жанжал туралы

Жас шахматшы қоғамда резонанс туғызған мәлімдемесіне қатысты пікірін әлі де өзгертпегенін айтты

«Айтқанымды дәлелдеуге дайынмын»: Бибісара Асаубаева шахмат федерациясындағы жанжал туралы
Фото: instagram.com/@bibisarachess

«Шахмат федерациясы танымал спортшыларды Президент әкімшілігінен үш миллиард теңге сұрату үшін пайдаланды» деп мәлімдеме жасаған әлем чемпионы Бибісара Асаубаева өз сөзін дәлелдеуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жас шахматшы жанжалға айналған мәлімдемесіне қатысты пікірін әлі де өзгертпегенін жария етті.

«Құрметті достар, мен олимпиадалық дайындық процесіне кедергі келтіретіндей шу шығарып, спортқа жат әрекетке барғым келмеп еді. Мен, гроссмейстер, ақыл-ойы бүтін, есте сақтау қабілеті жақсы ересек спортшымын. Ештеңені шатастырып немесе ойдан шығарған емеспін. Спорт министрі айтқандай, эмоцияға салынып, артық қадамға да барған емеспін. Мен Қазақстан мен Өзбекстанды немесе екі елдің федерацияларын шатастырып отырғаным жоқ. Сонымен қатар өз ұлттық валютасы бар тәуелсіз елде кез келген бюджетті анықтауға АҚШ-тың ұлттық валютасы жарамсыз екенін де білемін. Онда да Қазақстанның жүрегі – Ақордада олай деп жайдан-жай айтпаған шығармын. Ал қалай болғанда да, ел Президентінен сұрап алу жоспарланған үш миллиард теңгеге (немесе сіз айтқандай, Құсайынов мырза, 3 миллион доллар-ақ болсын), бұл өте қомақты сома және федерация (соның ішінде біз - ұлттық құрама да) Олимпиадаға бір ай қалған уақытта, лайық емеспіз», - деп жазды спортшы өзінің Instagram-парақшасында.

Бибісара Асаубаева өзі айтқан шындығы үшін қудаланудан қорықпайтынын, әр сөзін тексеруден өткізуге дайын екенін жеткізді.

«Мен жеке пайда мен бос атақ іздемейтін спортшымын. Шахмат маған өзімнің және өзгенің уақытын бағалауды үйретті – уақыттан маңызды ештеңе жоқ. Ел Президентінің уақытын қылмыстық зиянды әрі бос өтініштермен ұрлау, ал республикалық бюджеттен бос желеумен ақша алу – этика түгілі, адамгершілікке қайшы әрекет. Бұл ойымнан еш бас тарта алмаймын. Сондықтан ел Президентімен кездесу қарсаңында шындық үшін қудаланудан қорықпай, БАҚ өкілдеріне бәрін ашық айттым. Егер «ренжіген» адамдар өзін ренжітті деп есептесе, сотта абыройы мен құқығын қорғаса болады. Ал өтірік айту мәселесіне оралсақ, мен жаттығу арасында бос уақыт тауып, әр сөзімді полиграфиялық тексеруден өткізуге дайынмын. Құсайынов пен Сәдуақасов мырзалар да менімен бірге арнайы детектордан өту үшін уақыт пен орнын белгілесін. Үшеуіміз үшін оның ақысын өзім-ақ төлеуге дайынмын, бұл жағынан маған өтініш жасамаса да болады. Енді Олимпиадаға дайындықты жалғастыруға рұқсат етіңіздер», - деп жазды Асаубаева.

Еске салсақ, шахматтан әлем чемпионы, белгілі қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясының басшылығын спортшыларды «қайыршы» жасауға тырысып жатқанын айтып, сынға алған болатын.

Қазақстан шахмат федерациясы президентінің орынбасары Дәрмен Сәдуақасов шахматшы Бибісара Асаубаеваның жанжалды мәлімдемесін жоққа шығарып, федерация «ештеңе сұраған жоқ» деп мәлімдеді.

Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік те әріптесі Бибісара Асаубаеваның резонансты мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

«Мен осы жиынға қатысқан адам, ұлттық құраманың жетекшісі ретінде ол мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Ал ақша туралы сөз болған жоқ. Мысал ретінде Өзбекстан шахмат федерациясын келтірдік, олардың жылдық қаржыландыруы үш миллион доллар екенін, шахматқа сонша сома бөлетінін айттық. Өзбекстан президенті екеуміз шахматты дамытудың 2025 жылға дейінгі жеке жол картасына қол қойыстық. Осындай қолдаудың арқасында Өзбекстанның әлемдік рейтингте 19-орынға шыққанын үлгі етіп көрсете алдық. Ал Қазақстан 37-орында тұр. Бәлкім, Бибісара сол тұсты шатастырып немес дұрыс естімей қалған шығар. Қалай дегенмен де, ол айтқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен өзім сонда болдым», - деді Жансая Әбдімәлік.

Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та пікір білдіріп, ешкімнің еш жерден ақша сұрамағанын айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.