Реформаларды іске асыру бағытында ЕҚЫҰ институттарымен жұмыс жүргізуге дайынбыз – Әшімбаев

Azattyq Rýhy

Мәулен Әшімбаев кездесті ЕҚЫҰ ДИАҚБ директоры Маттео Мекаччимен кездесті

Реформаларды іске асыру бағытында ЕҚЫҰ институттарымен жұмыс жүргізуге дайынбыз – Әшімбаев
фото senate.parlam.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәулен Әшімбаев қазір Қазақстан дамудың маңызды кезеңіне қадам басқанын, елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен барлық салада жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Сенат Спикері Бюро директорына биыл 5 маусымда өткен референдумға тоқталып, оның нәтижесінде Қазақстан халқы демократиялық, құқықтық және әділетті мемлекет құру бағдарын қолдағанын айтты.

Палата Төрағасының айтуынша, конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, Парламенттің рөлін арттыруды, өңірлерді нығайтуды және елдегі саяси бәсекелестікті одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.

«Елімізде жүргізіліп жатқан барлық өзгерістер жүйелі сипатқа ие. Қолға алынған бастамалар азаматтардың бәріне бірдей тең мүмкіндік беретін әділ мемлекет құруды көздейді. Біз Қазақстандағы реформаларды іске асыру бағытында ЕҚЫҰ институттарымен белсенді жұмыс жүргізуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччи Қазақстанның қаңтар оқиғасынан кейін демократиялық құндылықтардың ашықтығы мен ілгерілеуіне арналған даму жолын таңдауы маңызды қадам екенін айтты.

Кездесу соңында Мәулен Әшімбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударып, ел Парламентінің Сенаты бұл жұмысты ДИАҚБ желісі бойынша да белсенді жүргізуге дайын екенін жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.