Қазақстанда Торғай облысы құрыла ма – Тоғжановтың жауабы
Вице-премьер өңірлерді бөлуге қатысты барлық шешім қабылданып қойғанын айтты
Қазақстанда Торғай облысын құру мәселесіне орай қойылған сұраққа ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет отырысында тілшілер жергілікті халық арасында жиі көтеріліп жүрген Қостанай облысын екіге бөліп, Торғай облысын құру мәселесінің қаншалықты мүмкін екенін сұрады.
«Қазіргі таңда ондай қажеттілікті көріп тұрғаным жоқ. Арқалық өңірінде халық саны өте аз. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ деп ойлаймын. Өңірлерді бөлуге қатысты барлық шешім қабылданып қойған», — деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетсек, осы мәселеге орай 22 маусымда Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те пікір білдірген болатын .Ол Торғай өңірінің жанданатын жағдайларын атай келе, жаңа аймақ құру туралы шешімді жергілікті билік емес, президент қабылдайтынын айтты. Ал жаңа аймақ құру мәселесін өзекті ету үшін аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуы қажет.
«Бізге тұрғындар санын азайтпай, керісіеше, көбейту үшін белсенді түрде тұрғын үй салып, жұмыс орындарын ашып, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Бізге адам капиталы қажет», - деді өңір басшысы.
Еске салайық, орталығы Арқалық қаласы болған Торғай облысы 1970 жылы құрылған болатын. 1988 жылы 2 маусымда облыс таратылды. 1990 жылы 17 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен облыс бұрынғы шекарасына қалпына келтірілді. 1997 жылы 22 сәуірде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Торғай облысы қайта таратылды.