Павлодар облысында кәсіпорындар асханалары үшін арзан қант бөлуді сұрады
Аймақ басшысы тұрақтандыру қорынан кәсіпорындарға қант берілмейтінін кесіп айтты
Кәсіпорындар қызметкерлеріне ас әзірлеуде қант қолданатындарын, ал арзан қантқа қолдары жетпейтінін мәлімдеуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодардағы Инвесторлар үйінде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесу барысында Павлодар мұнай-химия зауытының өкілі қант туралы мәселені көтерді.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген бағадағы әлеуметтік қантты бөлуде тізімге біздің кәсіпорынды да кіргізуге бола ма? Өйткені бізде адамдар жұмысқа келеді. Оларды тамақтандыру керек. Сусын, тоқаштар дайындауда қант қолданамыз. Ал, тұрақтандыру қорынан бөлінетін қантқа қолымыз жетпейді. Әлеуметтік дүкендердегі 2 келіден берілетін қантты барып, кезекке тұрып біз ала алмаймыз. Сондықтан бізге тым болмағанда 2 айға 50 келі қант бөлсе екен», - деді кәсіпорын өкілі.
Облыс әкімі тұрақтандыру қорынан бөлінетін әлеуметтік қант әлеуметтік әлсіз топтағы тұрғындарға арналғанын атап өтті.
«Қазақстан өзін қантпен толық қамтымайды. Сондықтан қазіргі жағдай орын алуда. Тұрақтандыру қорының міндеті – әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағада жеткізу. Алайда, қор нарықты толық қамтуға міндетті емес. Белгілі бір мөлшерде ғана қамтиды. Маған кондитерлер де жүгінді. Бірақ біз кәсіпорындарға қант бөле алмаймыз. Қалай болғанда да қазіргі қиын жағдайға шыдауымыз керек», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде тұрақтандыру қорында 426,6 тонна қант бар. Қосымша 1200 тонна қант сатып алынбақ. Оны осы айдың аяғына дейін жеткізу жоспарланған.