$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өскеменде сапасыз баспана үшін тұрғындар компаниямен соттасып, 300 млн теңге өндіріп алды

«КЖК» компаниясы тұрғын үй құрылысын салудағы кемшіліктерді жоюға міндеттелді

Өскеменде сапасыз баспана үшін тұрғындар компаниямен соттасып, 300 млн теңге өндіріп алды
фото altaynews.kz

Өскемендегі аты шулы жаңа үйдің тұрғындары сотта жеңіске жетіп, тапсырыс беруші компаниядан 300 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy altaynews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

2018 жылы пайдалануға берілген Б. Момышұлы 14-үйдің мәселесі шаш етектен. Тұрғындар 2 жылға жуық уақыт әр ведомствоның есігін қағып, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Одан қалды аштық жариялап, қалай да билік өкілдерінінің бетін бері қаратудың амалын жасады. Себебі үйдің қасбеті құлап, шатырынан су ағып, құбырлары жарылып мазаны алған. Одан бөлек үй ішіндегі қабырғаларды қырау басып, жел үрлейтін.

Алайда бұл тегін берілген үй емес. Бұл үшін 20 жылдық несие – айына 70-120 мың теңгені мұндағы адамдар балаларының ауызынан жырып беріп, өтеп жүр. Ақыры соңында мәселе сотқа дейін барып, үйді салуға тапсырыс беруші - Қазақстандық тұрғын үй компаниясы 300 млн теңгеден артық соманы өтейтін болды.

2019 жылы үй «Бәйтерек девелопмент» АҚ меншігіне өтті. Содан кейін бұл компания «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ құрамына қосылу арқылы өз қызметін тоқтатты. Ал кеткен олқылықтардың орнын кім толтыруы тиіс деген мәселе көп уақыт бойы жауапсыз қалған.

Десе де үміттен күдерін үзбеген тұрғындар 2021 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент 2022 жылы «Аманат» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, тоғыз қабатты тұрғын үй иелерінің мүддесін көздеп, Өскемен қалалық сотына «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның үстінен талап арыз жолдаған.

«Бұл ерекше жағдай. Біз пәтерлерді сапасыз тауарға жатқыздық. Өйткені, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңында әрбір тұтынушының сапалы тауар алуға құқығы бар екені айтылған», - дейді ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау депаратментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы. — Бірнеше сот процедуралары болды, біз талап арыздарды бірнеше рет өзгерттік».

Нәтижесінде арызданушы жақ компанияны тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді міндеттеуді талап етті. Сот талаптарды қанағаттандырып, «КЖК» компаниясына тұрғын үй құрылысын салудағы кемшіліктерді жоюға міндеттеді.

«Кейін үй тұрғындары, «Аманат» ҚБ мен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ арасында медиациялық келісім жасалып, тұрғындар арнайы шот ашуы тиіс болды. Яғни, бұл шот - мақсатты түрде ашылған есепшот, - дейді Қанат Жеңісбекұлы. – Өткен аптада бұл есепшотқа 308 000 017 теңге көлемінде қаражат түсті.

Дегенмен «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ әлі де барлық шағымдар авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған компанияларға жіберу керек деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары