«Алтын Орда» базарында сауда орындарын жалға алу бағасы негізсіз көтерілген
"Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды
"Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС-нің қызметін сауда нарығына қатысты бәсекелестік заңнаманы сақтау тұрғысынан тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС қызметін тексеруге қатысту барысында сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігінен 15 000 теңгені, КАМАЗ және MAN автокөліктерінен -7000-8000 теңгені, Sprinter автокөлігінен - 6000-7000 теңгені, ГАЗель автокөлігінен - 5000 теңгені, жеңіл автокөліктерден -3500 теңгені құрайтыны анықталған.
Алматы облысы бойынша монополияға қарсы Департамент наурыз айында өңірдің географиялық шекарасы бойынша көтерме-әмбебап нарықтарда көтерме сату үшін сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізді. Талдау нәтижесінде "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС 100% үлесімен монополиялық жағдайға ие екені анықталды.
«Осы нарықтың маңыздылығын және сауда орындарына бағаның жоғары болуы азық-түлік өнімдеріне, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне әкеліп соқтыратынын ескере отырып, сауда нарығының әрекеттерінде монополиялық жоғары бағаны белгілеуге және ұстап тұруға бағытталған үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілері анықталды», - деп көрсетті Агенттік.
Тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылдың мамыр айында "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материалдар Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.