Елордада халықаралық Олимпиада күніне орай спорт фестивалі өтеді
Биыл елімізде Олимпиада күні 29-шы рет тойланады
23 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында Триатлон саябағында Халықаралық Олимпиада күніне арналған спорттық мерекелік шара өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары эстафеталық жарыстар, 3х3 баскетбол, текбол және үстел теннисі ойындары, сондай-ақ брейк-дансшылардың өнерін тамашалайды және әртүрлі жастағы балалар арасында дзюдо мен таэквондодан көрсетілім жекпе-жегі ұйымдастырылатын шараға қатыса алады», - деп көрсетілген хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық құрама мүшелері мен Қазақстанның атақты спортшылары елорданың жас тұрғындарына шеберлік сабағын өткізеді. Атап айтсақ, бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, әйелдер күресінен үш дүркін Олимпиада жүлдегері Гюзель Манюрова, шорт-трекші, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының капитаны Абзал Әжғалиев, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит, бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов, бокстан бірнеше әлемдік бәсекелердің жеңімпаздары Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, әйелдер күресінен Азия чемпионы Мадина Бақбергенова мерекелік шараға қатысады.
Барлық қатысушылар спорттық шаралар мен жарыстарға қатысып, викторинада сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің естелік сыйлықтарын ұтып алуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, биылғы жылы Ұлттық Олимпиадалық комитеті маусым айы бойына дәстүрге айналған акцияларды өткізеді. Бес олимпиада сақинасы бес құрлықты бейнелейтініндей, қазақстандықтардың спорттағы бірлігін білдіретін мерекелік эстафетаны Қазақстанның бес облысы алып өтеді. Атап айтқанда, еліміздің жаңа облыс орталықтарында Түркістан, Семей (Абай облысы), Жезқазған (Ұлытау облысы), Қонаев (Алматы облысы) қалаларында ауқымды спорт фестивальдері өтеді.