Павлодарда іздеу салынған әйелдің ішімдік ішіп, қыдырып жүргені анықталды
Полицияға 15 маусым күні хабарлама түскен
Әйелдің жоғалғаны туралы полицейлерге оның күйеуі мәлімдеген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл жедел уәкілдер 28 із-түссіз жоғалған адамды тапқан.
«Осы жылдың 15 маусымында 55 жастағы ер адам 12 маусымда үйінен кетіп қалған әйелін табу үшін тәртіп сақшыларынан көмек сұрап хабарласты. Іздестіру шараларына полицияның барлық күштері жұмылдырылды. Нәтижесінде, әйел жоғалып кетпеген. Оның жалдамалы пәтерде ішімдік ішіп жатқаны белгілі болды», - делінген хабарламада.
Департамент берген ақпаратқа сүйенсек, жоғалғандардың басым бөлігі – спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын және бейберекет өмір салтын ұстанатын, үйден кетіп, туыстарымен байланысқа шықпайтын адамдар. Тіпті арасында мұны қасақана жасайтындары да бар.
Бұдан бөлек, Солнечный ауылының тұрғыны 43 жастағы ағасын табу үшін көмек сұраған. Мұнда азаматтың хабарсыз кеткеніне бір айға жуықтаған. Осы күнге дейін оны өз бетімен іздестірген. Қазіргі уақытта хабар-ошарсыз жоғалған адамды іздеу жалғасуда. Екі жағдайда да үйден кеткендер алкогольді асыра пайдаланған.