Тергеу барысында 25 адамға қыздырылған үтік басылған – Бас прокуратура
Қазіргі уақытта 8 резонансты істерді арнайы прокурорлар тергеп жатыр
Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте рұқсат етілмеген тергеу әдістері фактілерімен тіркелген қылмыстық істерге ерекше назар аударылатыны айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі уақытта 8 резонансты істерді арнайы прокурорлар тергеуде. Бұл істер бойынша 15 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері күдікті ретінде танылды, оның 9-ы қамауда отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында қызған бу үтікті пайдалану арқылы азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылды. Барлық арызданушылар азаптауды қолданудың ұқсас тәсілін сипаттады», - деді Серік Шалабаев.
Бүдан өзге, жедел-тергеу әрекеттердің нәтижелесінде арнайы прокурорлар 5 полиция қызметкерінің қатыстылығын анықтады. Олардың үшеуі кінәларын мойындады.
«Алматы облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу әрекеттерін аяқтадық. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, нәтижесінде оның өліміне әкеп соғуы бойынша күдіктелді. Азаптаулар бойынша қылмыстық істерді тергеу ерекшелігімен сипатталатынын атап өту қажет», - деді Бас прокуратура өкілі.
Айта кетерлігі, жәбірленушілердің көпшілігі қатысы бар адамдарды анықтай алмайды, өйткені олар бетперде киген немесе арнайы киім-кешексіз болған.
«Істер бойынша бейне жазбалар жоқ, себебі полиция ғимараттарына шабуыл жасау нәтижесінде құрал-жабдықтар бүлінген. Осыған қарамастан, дәлелдемелерді жинау бағытында тергеу және процестік әрекеттердің барлық кешенді шараларының жүргізілуі қамтамасыз етілуде. Барлық істер бойынша тергеушілер адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес азаптауларды тергеп-тексеру әдістемелерін пайдаланып жатыр. Міндетті түрде психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп, жәбірленушілердің психоэмоционалдық жай-күйі зерделенеді», - деді С. Шалабаев.