Былтыр елде тұтынушы несие алушылардың үлесі 56 пайызға жеткен

Үкімет Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарламаны әзірледі

Былтыр елде тұтынушы несие алушылардың үлесі 56 пайызға жеткен
Фото ашық дереккөзден

Былтыр және биыл халыққа берілген кредиттердің жалпы көлемінің ішінде тұтынушылық мақсаттарға алынғандары орта есеппен 56%-ды құрады. Бұл туралы сенатор, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Карплюк мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің мұндай өсуі тауарлар мен қызметтер бағасының өсуімен қатар, халықтың қарыз жүктемесінің артуына және әлеуметтік шиеленістің күшеюіне алып келеді. Сондықтан аталған тәуекелдерге жол бермеу үшін азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, оның ішінде жеке тұлғалардың банкроттығы жүйесін ендіру арқылы қалпына келтіру жөніндегі шараларды мұқият пысықтау және қабылдауды жеделдету қажет», - деді сенатор.

Оның айтуынша, Үкімет ауқымды жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталған Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарламаны әзірледі. Соған қарамастан еңбек қызметінің табыс үлесі көбеймей отыр.

«Елдегі кедейлік пен жұмыссыздық деңгейінің тұрақты оң динамикасына қарамастан, еңбек қызметінен түсетін табыс үлесінің азаюы алаңдаушылық туғызады, ол 2015 жылы 80%-ды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 70%-ға дейін төмендеген. Сәйкесінше, адамдардың жинақтау мүмкіндігінің болмауы оларды несие алуға мәжбүр етеді. Бұл тұрғыда халықтың несие алуы күрделі проблемаға айналуы мүмкін», - деп атап өтті Сергей Карплюк.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.